Мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект дағдылары үйретіледі
Бүгінде жасанды интеллект мемлекеттің стратегиялық маңызы бар компоненттерінің біріне айналды. Күні кеше Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында да Мемлекет басшысы: «Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты, жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни, дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін», – деп жасанды интеллектінің маңызын жоғары бағалап өтті.
Елімізде жасанды интеллектіні дамыту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект дағдылары бойынша AI Qyzmet оқыту бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ЖИ құралдарын жұмыс үдерістеріне енгізу көзделген.
Оқыту аясында мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында жасанды интеллектіні саналы түрде қолдану дағдысын қалыптастыру, әкімшілік үдерістерді автоматтандыру мен деректерді талдау арқылы оңтайландыру, сондайақ еліміздегі жергілікті AI шешімдерін енгізу арқылы жұмыс өнімділігін арттыру және шешім қабылдау сапасын жақсарту жоспарлануда. Курс мемлекеттік қызметкердің күнделікті қызметіндегі ЖИ-ді қолдану, жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөз сөйлеу сынды дағдыларды меңгертуге бағытталады.
Бұл курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, олар жасанды интеллектінің әртүрлі жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі. ChatGPTмен тиімді жұмыс істеуді меңгеру Claude (Anthropic), Gemini (Google), Perplexity, Mistral, Cohere және басқа да платформаларды сенімді қолдануға жол ашады. Оқыту офлайн-форматта Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының базасында өтеді.
Mastercard және KPMG Кавказ және Орталық Азия компаниялары курсты ұйымдастыруға қолдау көрсетіп отыр. Оқыту аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілерге бірегей нөмірі бар сертификаттар табысталады. Бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 мың мемлекеттік қызметкерді қамту жоспарланған. Курстың жазбасы еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлері үшін Astana Hub платформасында кез келген уақытта қолжетімді болады.
Нұрболат АМАНБЕК.