Аймақ

Меркіде шаңғы тебетін күн алыс емес

«Меркі – жердің көркі» дейді халық. Расында да солай, табиғаттың жомарттығын Меркі өңірі дәлелдеп-ақ тұр. Сонысына қарай бұл аймақта туризм ісі де алға жылжып келеді. Тіпті қазірдің өзінде «Меркі» шипажайының аумағында жобалық құны 50 миллион теңгені құрайтын «Визит-орталықтың» құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысанда Меркі ауданында өндірілетін өнімдер сатылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 8 жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Сонымен қатар Меркі тау шатқалында демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 300 миллион теңге. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 10 адам жұмыспен қамтылады. Сол секілді «Тау шатқалы» аумағында екі бірдей форель шаруашылығының құрылысы басталды. Жалпы жоба құны – 700 миллион теңге, мұның да құрылысы биыл аяқталады. Нысан іске қосылғаннан соң 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Сұрат ауылы маңындағы тау шатқалында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкер 1,3 миллиард теңге көлеміндегі жоба аясында 2028 жылға дейін демалыс аймағын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында форель шаруашылығы, глемпинг, жазғы бассейн, монша мен жылқы баптау орындары көзделген. Сонымен қатар 2026 жылы инвесторлар 12 миллиард теңгеге шаңғы курортының құрылысын бастауды жоспарлауда. Нысан іске қосылған соң 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Туризмге теңге салып жатқандар жетерлік

Туризм саласына инвестиция тарту бағытында биыл Меркі ауданында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып отыр. Бұл жөнінде толығырақ аудан әкімі Ербол Жиенқұлов мәлімдеді.

Техниканың жаңару көрсеткіші 15 пайызға жетті

Бұл ауданда биылғы алты айда 4762,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 119,5 пайызға артқан. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 63,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 85,6 пайызды құрапты. Өңдеу өнеркәсібінде 4069 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, бұл салада нақты көлем 115 пайызға жетіп, тұрақты өсім байқалады. Электр энергиясымен жабдықтау бойынша 498,2 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 173,2 пайыз болған. Мұны ең жоғары өсім көрсеткен сала деп атап айтты аудан басшысы. Сумен жабдықтау және су бұру саласында 131,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 121,2 пайызды құраған.

Тұқым жаңалаған сайын өнім мол болады

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2024 жылға арналған жоспарында 1690 гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу көзделген болатын, алайда нақты орындалғаны 705 гектар болып, жоспар 41,7 пайыз ғана орындалған. Ал биыл 1733 гектарға заманауи су үнемдеу әдістерін енгізу жоспарланып, толығымен орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасын арттыру бағытында облыс бойынша элиталы тұқым шаруашылығы Сұрат ауылдық округінде орналасқан. Бұл бағыттағы жұмыстармен «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Өткен жылы серіктестік тұқым өндіру мақсатында 271 гектар жерге жаздық арпаның «Арна» сортын және 786 гектарға күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортын еккен. Жаздық арпа алқабының құрылымына келсек, Р-2 – 11 гектар, супер элита – 165 гектар, элита – 95 гектар. Күздік бидай бойынша Р-2 – 10 гектар, супер элита 150 гектар, элита – 626 гектар.

Аталған алқаптардан жоғары сапалы тұқым өнімі алынды.Атап айтқанда, жаздық арпаның «Арна» сортынан 30 тонна супер элиталы, 250 тонна элиталы және 150 тонна бірінші репродукциялы тұқым өндірілді. Ал күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортынан 30 тонна супер элиталы, 300 тонна элиталы және 900 тонна бірінші репродукциялы тұқым алынды.

Биыл тұқым шаруашылығы бағыты бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тапты. Осы жылы жаздық арпаның «Арна» сорты 246 гектар жерге егілді. Оның ішінде Р-2 10 гектарды, супер элита 165 гектарды, элита 71 гектарды құрады.

Сонымен қатар күздік бидайдың «Стекловидный-24» сорты 643 гектар алқапқа отырғызылды. Бұл алқаптың құрылымы Р-2 – 10 гектар, супер элита – 150 гектар, элита – 453 гектар болды, – дейді аудан басшысы.

163 тонна қой еті экспортталды

Аграрлы аймақта мал шаруашылығында да тұрақты өсім байқалады. Жыл басынан бері ірі қара мал 40671 басқа, ұсақ мал 265263 басқа, жылқы 18573 басқа жетсе, үй құстары 40898-ге жеткен. Оның ішінде асыл тұқымды мүйізді ірі қара 6747 басқа жетіп, жалпы мүйізді ірі қара үлесінің 16,6 пайызын құраған. Асыл тұқымды ұсақ мал саны 39957 басқа жетіп, жалпы ұсақ малдың 15,2 пайызын, асыл тұқымды жылқы саны 256 бас болып, жалпы жылқының 1,3 пайызын құраған.

Мал өнімдері бойынша жыл басынан бері 2033,2 тонна ет өндіріліпті. Сүт өндірісі 5204,4 тоннаны құрап, 101,5 пайызды құраған. Бүгінгі күнде ауданнан шетелге ет экспорты да жүзеге асырылуда. «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаңтар-мамыр айларында Иран, Кувейт, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне 163 тонна қой етін экспорттаған. Ал сүт өнімдерін өңдеу бойынша ауданда 1 ірі кәсіпорын және 16 шағын ірімшік цехы жұмыс істейді.

«Меркі ірімшік зауыты» бүгінге дейін 1215,9 тонна сүт қабылдап, терең өңдеуден өткізсе, шағын цехтар 1500 тонна сүтті өңдеген.

18 жоба қолға алынды

Жыл басынан бері ауданда бөлшек сауда айналымының көлемі 5695,4 миллион теңгені көрсеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,1 пайызды құрап, сауда саласында тұрақты өсім бар екенін аңғартты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бүгінге дейін 6 миллиард 994,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9 пайызды көрсеткен. Мұнда да ілгерілеушілік байқалады, себебі өткен жылдың осы мерзімінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5697 миллион теңге болыпты.

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Меркіде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында инвестиция тартып, жаңа іс бастаумен жұмыс көзін ашуға басымдық берілген.

Несие алуға ниет білдіргендер көп

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп отырғанын да айта кеткен жөн. Жалпы көлемі 1,6 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба бойынша несие алуға ниет білдірілген. Меркі ауданынан 840,7 миллион теңгеге бағаланған 104 жобаның толық құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда қаржыландыруды күтуде. Айта кету керек, биылға аудан бойынша 72 жоба өткізу межесі бекітілген.

Бүгінге дейін 409,4 миллион теңгеге бағаланған 51 жоба қаржыландырылып, іске асырылуда. Қаржыландырылған жобалар қатарында демалыс кешені, кондитерлік цех, саңырауқұлақ өсіру, техникалық қызмет көрсету орталығы, робототехника кабинеті және басқа да бағыттар қамтылған. Меркі ауданының басты ерекшеліктерінің бірі – туризм. Осы саланы дамыту мақсатында, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Меркі тау шатқалында орналасқан «Меркі радон» шипажайының ауыз су жүйесін жаңарту мақсатында «Бизнесті қолдау жол картасы» бағдарламасы аясында 63,2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылған. – Биыл аудан көлемінде әлеуметтікэкономикалық дамудың түрлі салаларын қамтитын 57 жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа жалпы 4 миллиард 529 миллион теңге бөлінді.

Аталған қаражат аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асады. Білім саласында 439 миллион теңгеге Гранитогорск ауылындағы мектеп-интернатқа жапсарлас 75 орындық асхана құрылысы басталады. Денсаулық сақтау саласы бойынша екі маңызды жобаға 88,6 миллион теңге бөлініп, аудандық ауруханаға қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту және КТ аппаратын орнату көзделіп отыр. Мәдениет нысандары да назардан тыс қалмайды. Т.Рысқұлов, Қостоған және Беларық ауылдық клубтарын ағымдағы жөндеуге 22,1 миллион теңге бөлінді.

Көпір салуды көптен бері сұрап жүр еді

Ауыз су мәселесі – аудан үшін басты басымдықтардың бірі. Биыл елді мекендердегі ауыз су инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы құны 1 миллиард 70,7 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, Жамбыл ауылында ауыз су жүйесін қайта жаңартуға 333,3 миллион теңге бөлінсе, Ақтоған ауылында ауыз су жүйесінің жаңа құрылысын жүргізуге 348,8 миллион теңге қарастырылды. Ақарал ауылында ауыз су құбырын жаңарту жұмыстарына 95,9 миллион теңге, Кеңес ауылында ауыз су жүйесі құрылысын салуға 230,6 миллион теңге, ал Чалдовар ауылында ауыз су жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізуге 62 миллион теңге бөлінді.

Аудан тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысының бірі – Ойтал ауылының, Меркі бекетіндегі темір жолға жаяу жүргіншілер үшін көпір еді. Бұл мәселе биыл шешімін табады деп күтілуде. Көпір құрылысына 496,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Ғимарат сатып алу және жөндеу бойынша 4 жобаға 743,7 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде аудандық полиция ғимараты, Кеңес ауылдық округі әкімшілігі, көпқабатты тұрғын үй және мұрағат ғимараты бар. Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй сатып алуға 411,7 миллион теңге бөлініп отыр, – деді аудан әкімі.

Жөндеуден өткен 35 көшенің сапасы көңіл көншітпейді

Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне әсер ететін факторлардың бірі –жол сапасы. Биыл ауданда 22 көшені жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 435,4 миллион теңгеге 14,4 шақырымды құрайтын 18 көше, жергілікті бюджеттен 203,6 миллион теңгеге 8 шақырымды құрайтын 4 көше жөнделмекші. Сонымен қатар Меркі ауданында 2023-2024 жылдар аралығында орташа жөндеуден өткен 127 көшеге ағымдағы жылдың 1 сәуір мен 25 мамыр аралығында зерделеу және тексеру жұмыстары толығымен жүргізілген.

Нәтижесінде 35 көше жолынан ақаулықтар анықталып, оның 22-сінің ақау актісі әзірленіп, тиісті салалық басқармаға және облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне ақпараттар жолданған. Ал қалған 13 жолға тиісті хат жолданып, мердігер тарапынан жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудандағы жолға қатысты басты мәселе, орталық Ә.Исмаилов көшесінің жөндеуі болып тұр. Осы орайда, автомобиль жолындағы көлік кептелісін жою, сапалы жолмен қамту және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше жолына жобалаусметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған.

Жобалау сметалық құжатаманың жалпы құны 4 миллиард 299 миллион теңге, ал жолдың ұзындығы 7,7 шақырым болса, ені 14 метр. Аталған жобаға биыл қаражат қарастыруға бюджеттік өтінім салалық басқармаға және министірлікке ұсынылған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Меркі ауданы