Аймақ

Тұрғындары аз ауылдарға да ауыз су тартылады

Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында биылғы жылы халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамту көзделген. Мәселен Т.Рысқұлов ауданында осы мақсатта 3,1 миллиард теңгеге 5 жоба іске асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов айтты.

Ернар Серікәліұлының айтуынша, бүгінде Құлан ауылы «Арай» алабында, Р.Сабденов пен Сөгеті, Шөңгер мен Мамай ауылдарында су шығару ғимараты мен су құбыры желілерінің құрылыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек ауданда халық саны 200-ге жетпейтін жеті елді мекенде де ауыз су мәселесі жолға қойылған. Аталған ауылдардың екеуіне көгілдір отын тарту мәселесі де қолға алынған.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысымен облыста 285 елді мекен табиғи газбен қамтылып, халық санымен газдандыру деңгейі 91,3 пайызды құраған болатын. Бұдан бөлек өткен жылы 12,6 миллиард теңге бюджет қаражаты есебінен облыстың газбен қамтылмаған жалғыз Мойынқұм ауданының елді мекендерін газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Осы арқылы биылғы жылы газбен қамту деңгейін 91,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.

 

Нұрболат АМАНБЕК