«Шер-ағаңды жұмысқа алғанымды мақтанышпен айтамын...»
Жамбыл жұртшылығына кеңінен танымал өнер иесі Асқарбек Сейілхан биыл мерейлі 75 жасқа толып, «Шер-ағаның шекпенінен шықпасам да» атты кітабын жарыққа шығарған болатын. Қаламгер жаңа кітабын туған жері Қордай ауданында тұсауын кесіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, емен-жарқын пікірлесті. Және кітабының 100 данасын аудандық кітапхана қорына табыстады. Одан бөлек тағы 30 кітапты кездесуге келген оқырмандарға өз қолтаңбасымен үлестірді.
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мен Қордай ауданы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Әлжан ана ауылындағы мәдениет үйінде өткен кітаптың таныстырылымы еркін сұхбат форматында өрбіді. Аталмыш іс-шараға аудан ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Сейілханның шәкірті, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық сұхбатты жүргізіп, ұстаз бен шәкірт арасында тағылымды әңгіме өрбіді.
Іс-шара барысында Асқарбек Ақылшаұлы Шераға образында сахналық қойылымнан үзінді оқып, жиылған елдің сұрақтарына жауап берді. Әдеби кешке келген Еркінбек Құттықов сонымен қатар, жазушы-журналист Бекет Момынқұл, облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт кітапта баяндалған оқиғаларға кеңінен тоқталып, Асқарбек Сейілханның өнегесін елге жеткізді. Қордай ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған бір топ ақсақалдар да туған жерге тағзым ете келген мәдениет майталманына құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді.
Іс-шарадан соң қонақтар Әлжан ана музейін тамашалады. Ауыл тұрғындары сол күні әдебиет пен өнердің ордасына айналып, ел мен ерді жалғайтын көркем кешке куә болды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Қордай ауданы