Ауруға - ем, сауға қуат бер
Қол-аяғы балғадай, сап сау балаң бір күнде ауырып, қатерлі ісікке шалдықса бақытты күнің көзден бұл-бұл ұшты дей бер. Енді көктеп келе жатқан жас баланың халық арасында ақ қан ауруы аталып кеткен лейкозға шалдығуы ата-ананың басындағы үлкен тауқымет. Кейіпкеріміз тараздық Жания Тымбай да әлі күнге баласының ақ қан ауруына шалдыққанына сенгісі келмейді. Небәрі 4 жасар ұлы Байжан Әбдімәлік осы қатерлі ісік түріне шалдыққан. Бір күннің ішінде денесі түгел көгеріп сала берген бала әлсізденіп, тамырлары адырайып шығып, бүк түсіп жатып қалыпты.
Баланың бойындағы түсініксіз жайды көрген анасы дереу «Бәйтерек» ауданындағы облыстық балалар ауруханасына апарады. Денедегі көгерген іздерді көріп, қан сынамасын алып, дәрігерлер тез арада ауруханаға жатқызады.
Алғаш аурудың атын естіп анасы талып қалады. Қорыққаннан «менің балам мұндай аурумен ауырмайды» деп ауруханадан баласын ала қашады. Үйіне барған соң жаны жай таппай ауруханаға қайта барыпты. Осылайша баланың ақ қан ауруына шалдыққаны белгілі болады.Дәл осы кезде көмекке шипагер, облыстағы жалғыз онкогематолог дәрігер Шолпан Туленбетова келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жүзі жылы ақ халатты абзал жан балақайдың қанын алмастырып, баланы шұғыл түрде реанимобильмен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына портал жүйесімен жібереді.
Айтуынша Алматыдан химиотерапия алып келген соң бала ем-домды Таразда жалғастырады. Айта кетейік қатерлі ісіктің қай түрі болса да өте қиын. Жамбыл облысында қатерлі ісіктері бар 8740 науқас есепте тұр.Ауру құрылымында бірінші орында өкпе обыры – 18,6 пайыз, ұйқы безі обыры – 10,5 пайыз, асқазан обыры – 9,9 пайыз, простата обыры – 6,8 пайыз, бүйрек обыры – 6,8 пайыз, тоқ ішек обыры – 5,5 пайыз, бауыр обыры – 4,9 пайыз, сүт безі обыры – 4,9 пайыз. Адам үшін ең қымбат нәрсе – денсаулық. Сондықтан да дәрігерге уақытылы тексеріліп, қаралып қатерлі ісіктің алдын алуға әрекет еткен жөн. Біз облыстағы жалғыз онкогематолог дәрігермен бетпе-бет сөйлестік.
Шолпан Туленбетованың еңбек өтілі – 32 жыл. 1985-1991 жылдары Қарағанды медициналық институтында оқып, педиатрия бөлімін тәмамдаған. Бастапқыда Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасында қызмет еткен ол 1997 жылы Жамбыл облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөліміне онкогематолог дәрігер болып келеді.
Ана емес пе? Жаны шырқырап «баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп отырған жас ананың үйінде екі жастағы бөпесі бар. Оны ата-енесіне қалдырып, отандық дәрігерлерден шипа іздеуде. Жания Тымбайдың өзімен сөйлестік.
Ауруға-ем, сауға-қуат, сырқатқа-дауа бер деп ата-бабамыз бекерге тілемепті. Ауру берсе оның шипасын да береді деп халқымыз ықылым заманнан жақсылықтан үмітті болған. Сол себепті обыр ауруын да түбімен ауыздықтайтын күн жетер.
Ауырма,
Ешқашанда ауырмашы!
Санаңды сауықтырсын Сәуір басы.
Адамдар бір-бірінің тілеуқоры,
Адамдар бір-бірінің бауырласы.
Айтпайық сен де, мен де ауырдым деп,
Алда әлі біз көретін тәуір күн көп...
Жұмағы тіршіліктің тәрізденіп
Шығады бүгін-ертең сәуір гүлдеп, – деп ақын Исрайл Сапарбай жырлағандай, ауырмайық адамдар!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА