Аймақ

200-ден аса оқушы Ерке сылқым күйін бір мезетте орындады

Таразда Ұлттық Домбыра күні аясында күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығына арналған «Саз серісі – Әбдімомын» атты кеш өтті.

Мерекелік шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым, партия өкілдері және өнерсүйер жұртшылық қатысты. Кештің шымылдығы 200-ден аса мектеп оқушысының ұлттық өнердің мәңгілік жауһарына, өңірлік «брендке» айналған атақты «Ерке сылқым» күйін бір мезетте орындауымен ашылды.

Ербол Қарашөкеев Ұлттық Домбыра күні – тек мереке ғана емес, ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар екенін атап өтіп, жамбылдықтарды айтулы датамен құттықтады.

Кең ауқымды мерекелік іс шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевтың танымал туындылары сондай-ақ басқа да белгілі композиторлардың шығармалары орындалды. Сондай-ақ осы күні «Әулиеата әуендері» атты аудиожазбаға енген жаңа шығармалардың тұсауы кесілді. Көрермен қауым әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің әсеріне бөленіп, ерекше көңіл-күймен тарқасты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі