«Мақсат – тек сенбілік өткізу емес, жас буынға үлгі көрсету»
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акцияға облыс тұрғындары, барлық мемлекеттік мекемелер, оның ішінде әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік, туристік мекемелер, ірі сауда орындары мен мейрамхана иелері атсалысуда.
Осы аптаның сейсенбісінде облыс жастары Тараз қаласы Астана шағынауданындағы 26 тұрғын үй аумағында «Таза аула» экологиялық акциясын ұйымдастырды. Шараға қатысушылар тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді.
Осындай бағыттағы і-шаралар облыстың барлық аудандарында да өткізілді. Атап айтқанда, Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылында және Талас ауданы Қаратау қаласында орталық саябақта «Таза Like» акциясы ұйымдастырылса, Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылында «Жаз Ата» саябағы, Сарысу ауданы Жаңатас қаласында жастар аллеясына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар.
Жыл басынан бері платформа арқылы 259 өтінім түскен. Телеграмм ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болды. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясына 106 мың адам және 60 ірі кәсіпорындар мен 400 аса шағын кәсіпорындар қатысты.
Іс-шара аясында 30 тарихи мәдени ескерткіштер, 79,2 мың тұрғын үй аулалары, 2,7 шақырым көше жолдары, 803,8 шақырым арық жүйелері мен каналдар және 641,1 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау, 6,1 мың тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары жүргізілді.