Жеке меншік емханалар неге қаржы басқармасына ғана бағынады?
Биыл әулиеаталық жұртшылыққа медициналық көмек көрсету мақсатында қазынадан 127,7 миллиард теңге қарастырылса, оның ішінде 62,9 миллиарды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген. Жалпы, жыл басында өңірімізде сақтандырылмаған азаматтар саны 231 921 адамды құраса, 1 шілдеде бұл көрсеткіш 225 670 адамға дейін азайған. Яғни алғашқы жартыжылдықта 6 251 адам өз мәртебесін реттеп, МӘМС жүйесіне қосылған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.
Жиында ең әуелі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылдың 10 сәуірімен салыстырғанда сақтандырылмаған тұрғындар саны 6 992 адамға азайғанын атап өтіп, бірқатар медициналық ұйымдарға қатысты арыз шағымдарға тоқталды.
Айта кетейік, МӘМС жүйесіне халықтың қосылуына байланысты Жамбыл өңірі республика бойынша 9-шы орынға тұрақтаған. Десе де, облыста сақтандырылмаған азаматтардың үлесі жоғары аудандар әлі күнге дейін бар. Мәселен, «Цифрлық отбасы» картасының деректеріне сүйенсек, Қордай, Меркі мен Шу аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Аталған аудандарда сақтандырумен қамтылу деңгейі облыстық көрсеткіштен едәуір төмен болғандықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттілігі туындап отыр. Ал «А» санатындағы сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін анықтау мақсатында медициналық ұйымдармен бірлесіп үй аралау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, облыс бойынша 7 241 адам тіркелген. Оның ішінде 683 адам басқа өңірде тұратыны, 17-сі шетелге кеткені, 2-еуі қайтыс болғаны, 110-ы мүлде табылмағаны белгілі болған. Қалған 6 429 адамның көпшілігі жұмыссыздар (2 260), бейресми жұмыс істейтіндер (1 746), үй шаруасындағы әйелдер (694) мен жеке кәсіпкерлер (729).
Сондай-ақ басқосуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Түлкенқызы төлем кезінде кездесетін түсініспеушіліктерге тоқталып, көбіне зейнеткерлер мен студенттер тарапынан жасалатын қосарланған төлемді болдырмау үшін жеңілдікті санаттағы азаматтарға бақылау жүйесі енгізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұдан былай мемлекет жарна төлеп жатқан жағдайда жұмыс орнынан төлем қабылданбайды. Сонымен қатар жұмыс берушінің жүйеде дұрыс көрсетілмеуі де төлемді өткізбеуге себеп болмақ. Бұл жалған төлемдердің алдын алу үшін қолға алынған әрекет.
Бұдан бөлек сақтандыру мәртебесін тексеру және төлем жүргізу екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асады. Бұдан кейін аппараттық кеңесте облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Оның сөзінше, тұрғындар тарапынан жиі шағым айтылатын жекеменшік емханалар заң бойынша тек облыс әкімдігінің қаржы басқармасына бағынады. Осы себепті денсаулық басқармасының жекеменшік клиникаларға тексеріс жүргізуге құзыреті жетпейді.
Аймақ басшысы облыс тұрғындарынан денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдардың жиі түсуін ескеріп, тиісті басқарма басшысынан нақты жауапты талап етті. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсеткіштері төмен үш аудан – Қордай, Меркі және Шу ауданының әкімдерін жеке-жеке тыңдап, себеп-салдарын сұрады. Облыс әкімі өз сөзінде медициналық қызмет сапасына ерекше мән беріп, тұрғындардан түскен шағымдардың уақтылы шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Жиын соңында Қырым қанды безгегі мен сібір жарасының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де сөз болды. Бұл ретте облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев пен облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндама жасап, эпидемиологиялық ахуал, вакцинациялау және қауіптің алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді.
Есен ӨТЕУЛІ