Қауіпті орта – қоғам келбеті
Бүгінде өңірдегі криминогендік жағдайды жақсарту, кейбір қылмыстардың өсу факторлары мен оларды болдырмау бойынша мекемеаралық іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 20,5, көшедегі қылмыс – 18,6, жасөспірімдер қатысуымен жасалған қылмыс – 35, сондай ақ бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс – 23,1, мас күйде жасалған қылмыс – 9,1 және топпен жасалған қылмыс 27,6 пайызға бәсеңдеген. Есесіне, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық 4 есеге ұлғайған. Бұл туралы облыстық прокуратураның үйлестіруімен өткен «Құқық бұзушылықтар превенциясы» атты форумда кеңінен айтылды.
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали және өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің басшылары мен пробация қызметінің өкілдері қатысты. Басқосуда аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы қылмыстың алдын алу – бұл тұрақты және қауіпсіз болашақтың кепілі екенін баса айтты.
Ол өз сөзінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – халықтың әлеуметтік әл ауқатының төмен болуы екенін жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жергілікті жерлерде тұрғындармен тығыз байланыс орнату – аса маңызды екеніне тоқталды.
Ал «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – азаматтардың құқығын қорғау, заң үстемдігін орнату мен қоғамда қауіпсіздік пен тәртіпті нығайту мақсатында қолға алынған өте маңызды бастама екенін алға тартты. Оның айтуынша, бірнеше жылдан бері облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының жанынан құрылған аналар кеңесі жұмыс істейді.
Айта кетейік, өткен жылдың маусым айынан бастап облыста «Сотталғандардың аймақтық криминизациялауға әсерін азайту» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – проблемалық мәселелерді шешу бойынша шаралар мен алгоритмдерді әзірлеу, облыстық ҚАЖ мекемелерін оңтайландыру, сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіштерін ұлғайту және қоғамға қайта бейімдеу. Жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайталанатын құқық бұзушылықтар саны – 18 пайызға төмендеген. Жиын соңында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев түзеу мекемесінің аумағында жаңа тігін цехының жұмысымен танысқанын, мұндай өндірістік кәсіпорындар өзге де түзеу мекемелерінде ашылуы тиіс екенін баса айтты.
Есен ӨТЕУЛІ