Құқық

Әрбір азамат өз құқығын білуі тиіс

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйткілдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, Тараз қалалық білім бөлімі мен Жергілікті кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты. Жиында білім саласындағы еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тараптар өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, педагогтардың құқықтарын қорғау және ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру мәселелеріне баса назар аударды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы Еркін Ибраимов іс-шараны ашып, күн тақырыбына шығарылған негізгі мәселелермен таныстырды.

Бұдан бөлек Еркін Тұрарұлы Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес демалыс сомаларын төлеу мерзімдерін сақтау, қолданыстағы заңнамада көзделген міндетті әлеуметтік аударымдар мен өзге де төлемдерді төлеу мерзімдері мен тәртібін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру және оны қолдану тәжірибесімен бөлісті. Ал Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова педагог мәртебесі туралы сөз қозғап, кейбір келеңсіз жағдайлар туралы ашық жеткізді.

Жиында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов пен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт төңірегінде сөз қозғады.

Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжымдық шарттардың маңыздылығын атап өтіп, ондағы нормалардың заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ол әлеуметтік әріптестік аясында қабылданған келісімдердің барлық тараптар үшін міндетті болуын және олардың орындалуын қадағалаудың маңыздылығын жеткізді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша білім саласындағы еңбек қатынастарын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылып, тараптар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, педагогтердің құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру және әлеуметтік әріптестікті нығайту мәселелері бойынша бірлескен жұмыстарды алдағы уақытта да бірлесе жүргізуге келісті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ