Қоғам

Намаз оқу үшін де білім керек

The final spritzer

Халық арасында «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөз бар. Расында дін ішкі нанымға байланысты болғандықтан, адам да сол сенімге қарай әрекет етеді. Ал, бір адамның іс-әрекетінің әсері бүкіл қоғамға тиетіні тағы бар. Осы тұрғыдан қарасақ, діни сенімге үлкен жауапкершілікпен көңіл бөлген жөн. Ішкі нанымын жаулау арқылы қитұрқы саясатын жүргізетіндер де жоқ емес. Сол себепті де мемлекет өз тарапынан халықтың діни көзқарасын бақылауда ұстап, адаспас жол нұсқап келеді.

АДАСТЫРМАС ЖОЛ ҚАЙДА?

Әрине, ел ішінде түрлі жағдайлар орын алатыны секілді, сендіре сөйлегендерге еріп, ақиқаттың жолын іздеп, азғыра сендіргендерге алданып, адасып қалатындар да жоқ емес. Мұндай жандарға да дінтанушы, теолог мамандар арқылы тегін көмек көрсетіледі. Мәселен, Талас ауданында биыл оңалту бойынша 6 адамды қоғамдық құндылықтарға және дәстүрлі исламға бейімдеу жоспары бекітіліпті.

Жоспарға сәйкес 27 кездесу өткізіліп, нәтижесінде І тоқсанның қорытындысымен 2 адам оңалтылған. Оңалту жұмыстарына арнайы облыс әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы мекемесінің инспекторы Әлішер Әбдібек қатысқан. Аудандағы діни ахуал туралы Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова мәлімдеді.

Қазіргі уақытта осы ауданда туылған 6 студент өз еліміздегі жоғары оқу орындарында «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша білім алып жүр. Олар оқуын аяқтағаннан соң Талас ауданына дін саласында жұмысқа тарту бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Дін істері басқармасының хабарламасына сәйкес деструктивті діни ағым өкілдерінің саны 29 адамды құраған. Олардың 27-сі салафизм, 2-еуі таблиғи жамағат бағытында.

53 АЗАМАТ КҮМӘНДІ КОНТЕНТКЕ ТІРКЕЛГЕНІ АНЫҚТАЛҒАН

Сарысу ауданында «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасы арқылы тұрғындар арасынан діни сипаттағы күмәнді контенттерге тіркелген 53 азаматтың тізімі наурыз айының басында белгілі болған. Олармен тыйым салынған жат ағым топтарынан шығу бағытында жүйелі түсіндіру және оңалту жұмыстарын теолог мамандар жүргізіп келеді. Атқарылған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 25 азаматтың қазіргі уақытта жоғарыда аталған күмәнді контенттерге тіркелген парақшаларын мүлде қолданбайтыны анықталыпты. Бұл жұмыс – интернет кеңістігіндегі діни қауіптердің алдын алу және тұрғындардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Айта кетейік, бұл ауданда 3 конфессиядан тұратын діни бірлестіктер мен филиалдар, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 18 мешіт пен христиандық бағыттағы 2 шіркеу бар. Аталған 18 мешіттің 15-інде арнайы бұйрықпен имамдар тағайындалған. Қалған үшеуінде, яғни Байқадам, Шығанақ және Қамқалы ауылдық мешіттерінде имам тағайындалмаған.

Өткен жылдың қараша айынан бастап Жаңатас қаласындағы аудандық Әбу Бәкір Сыддық мешітінің жанынан ашылған діни сауат ашу орталығынан 10-15 жас аралығындағы 66 дәріс алушы діни білім алып жүр. Оның ішінде 30-ы ер бала болса, 36-сы қыз бала. Ер балаларға екі қари ұстаз, ал қыз балаларға бір әйел ұстаз дәріс жүргізуде.

Адасушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті сақтау мақсатында мешіттердегі жұмыс та бақыланады. Облыс әкімдігінің дін істері басқармасының тапсырмасына сәйкес, Сарысу ауданындағы қызмет жасайтын 16 мешіт ішкі және сыртқы бейне бақылау камераларымен қамтамасыз етілген.

Қазір Арыстанды ауылындағы мешіттің құрылысы жүргізілуде. Оған облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасынан құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттары алынған. Аудан бойынша мешіттерге жұма намаздарына келуші жамағаттың саны 2 мыңға жуық, ал күнделікті мешітке 100-ге жуық адам келеді. Ауданнан шетелдік діни оқу орындарында білім алып жатқан азаматтар жоқ.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары – діни тұрақтылықтың берік тірегі. Сарысу ауданында дін саласында 11 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Олардың біреуі аудандық болса, тағы біреуі қалалық және 9-ы ауылдық топ. Аталған топтардың құрамына теолог мамандар, мешіт имамдары, ардагерлер мен белсенді жастар енгізілген. Барлық топ құрамына облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, білікті теолог – Мақсат Мырзағараев енгізіліп, кездесулер барысында мазмұнды және терең діни түсіндірмелер берілуіне жағдай жасалған.

Аталған топтардың жұмысын үйлестіру мақсатында Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен Жаңатас қаласы және ауылдық округ әкімдері аппараты арасында 2025 жылға арналған «Дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының тұрғындармен кездесуі» атты нысаналы индикаторлық көрсеткішке сәйкес, әр айда кемінде бір іс-шара өткізу міндеттелген.

Жыл басынан бері ақпараттық-түсіндіру тобымен аудан бойынша тұрғындармен 55 іс шара өткізіліп, онда 5 мыңға жуық тұрғын қамтылған. Оның ішінде жастар аудиториясымен 24 кездесу ұйымдастырылып, 2 мыңға жуық жас қатысыпты.

Бұл кездесулер білім беру және спорт мекемелерінің қызметкерлері мен жастары, мешіт жамағаты, мектептер мен колледждердегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтар, орталық базар қызметкерлері, пробация есебіндегі азаматтар мен түрлі кәсіпорын ұжымдарынан қамтылған. Сонымен қатар адрестік бағытта мақсатты кездесулер де ұйымдастырылған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА