Әлеумет

Өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулу маңызды

The final spritzer

Маусым айының соңында Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастың басын қосқан іс-шара XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны ұйымдастырылды. Слет қос атаулы датаға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналады. Жиынға Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ресми ашылу салтанатынан кейін Мемлекет басшысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов FPV-дрон операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені мен ұшқыштарға арналған заманауи жаттығу симуляторларын таныстырды. Одан кейін Президент «Smart sarbaz» жас робот техниктері үйірмесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ балалардың «Жас сарбаз» әскери-патриоттық үрмелі аспаптар оркестерінің орындауындағы музыкалық шығарманы тыңдады.

Мемлекет басшысы ең әуелі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Биыл қазақтың қайсар қызының туғанына 100 жыл толып отыр. Президент Әлия Молдағұлованың ескерткіші жанында жергілікті жұртшылықпен кездесіп, сөз сөйледі.

Содан соң Президент – XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев барша қатысушыны «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.

Президенттің айтуынша, қазіргі құбылмалы, бұлыңғыр заманда біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат соғыстың қасіретті сабағын ұмытпауымыз қажет.– Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.

Жиын аясында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысып, пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын шашып, қайта жинаудан жарысады.

Сондай-ақ бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери тактикалық ойыны бар. Сонымен қатар жастар алау басында патриоттық әндер орындайды.

 

Есен ӨТЕУЛІ.