Жаңа клуб пен кірпіш зауыты пайдалануға берілді

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары халықтың игілігіне арналған заманауи ғимараттар салынып, көпшіліктің қуанышы еселеніп келеді. Тағы бір жаңа нысан Байзақ ауданының Мырзатай ауылында бой көтерді. Тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қамтамасыз етуге негізделген 120 орындық ауылдық клубтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы барды.
Салтанатты жиында мырзатайлық жұртшылықты қуанышты жаңалықпен құттықтаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен өнеріміз арқылы танып, біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр», – деген болатын.
Тәуелсіздік жылдарынан бері ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыратын, құндылықтардың дамуына, оны сақтауға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Бүгінде облыс көлемінде 500-ден аса мәдениет мекемелері болса, олардың 470-і аудандарға тиесілі мекемелер. Байзақ ауданының өзінде 40-қа жуық мәдениет ошағы бар. Әрбір мәдени нысан – ұлт өнерінің көмбесі, ұлт мұрасының ордасы.
Соңғы 2 жылда облыс бойынша жалпы 24 мәдениет нысанын салуға 4,3 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 3,1 миллиард теңгесі өткен жылға, 1,2 миллиард теңгесі 2025 жылға қарастырылған. 2024 жылы 8 мәдениет нысандарының құрылысы аяқталып пайдалануға берілсе, 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында 4 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды.
Биыл жалпы 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде, 7 нысанның құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қалған 5 мәдениет нысаны 2026 жылға өтпелі. Міне, бүгін Мырзатай ауылында 120 орындық заманауи талапқа сай клуб пайдалануға беріліп отыр. Бұл клубта ауыл тұрғындарына рухани азық болатын, өсіп келе жатқан жас толқынның рухани дамуына жол ашатын бірнеше үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Алдағы жылдары Ақжар, Ақшолақ және Базарбай ауылдарында да мәдениет ошақтары кезең-кезеңімен салынуы жоспарлануда. Осылайша, аудандағы барлық елді мекендер мәдениет нысандарымен 100 пайыз қамтылатын болады. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Мырзатай ауылы республикаға, облысқа танымал ақын, сазгер Қасқырбай Нарбатыр, домбырашы, сазгер Әбілсейіт Момбаев, айтыскер ақын Бубайда Будеева сынды қайталанбас өнер иелері шыққан киелі мекен, – деген Ербол Шырақпайұлы бұл клуб ауыл балаларының шығармашылығын шыңдап, Байзақ ауданын, елімізді әлемге танытатын өнерпаздардың көптеп шығуына үлкен септігі тиетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде ауылдастарына ақжолтай тілектестігін білдірген ақын, сазгер Қасқырбай Нарбатыр өңір басшысымен бірге жаңа ғимараттың лентасын қиды. Бұл нысанның құрылысын мердігер «Ник Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді, жобалық құны – 266911,5 мың теңгені құраған. Онда 6 қызметкер, 4 үйірме, яғни «Сымбат» ән үйірмесі, «Аяулы әжелер» үйірмесі, «Сөз патшасы» мәнерлеп оқу үйірмесі, «Балауса» би үйірмесі жұмыс істейді. Жалпы, аумағы 547 шаршы метрді құрайтын нысан елді мекендегі тұрғындардың игілігіне қызмет көрсетпек.
ЖАМБЫЛДЫҚ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ҚАТАРЫНА КІРПІШ ЗАУЫТЫ ҚОСЫЛДЫ
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданына жасаған іссапарында Диқан ауылынан ашылған кірпіш зауытының ашылуына да қатысты. Жылына 36 миллион күйдірілген кірпіш шығаратын жаңа зауытты жеке кәсіпкер Берік Жүсіпов өз қаражатымен және инвесторлардың көмегі арқылы жүзеге асырып отыр. Өңірдегі өндіріс орындарының қатарын тағы бір зауытпен арттырған жеке кәсіпкердің болашаққа деген жоспарлары да баршылық.
Бұдан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Диқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев, зауыт басшысы Берік Жүсіпов зауытты іске қосу түймесін басты. Ал ақ жаулықты әжелер жаңа істің бастамасына тәттіден шашу шашты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Байзақ ауданы