Жаңалықтар

Өмір сүру сапасын жақсарту – басты мақсатымыз

The final spritzer

ОСЫ АПТАДА ЕЛІМІЗДЕ СЕГІЗІНШІ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ҮШІНШІ СЕССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛЫП, ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ ЕКІ АЙЛЫҚ КАНИКУЛҒА ШЫҚҚАНЫ БЕЛГІЛІ. ЕНДІ МІНЕ, 1 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ ӨҢІРЛЕРДІ АРАЛАП, ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗУДЕ.

Облысқа арнайы іссапармен келген Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев облыс әкімінің мәжіліс залында облыстық мәслихат депутаттарымен, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелерімен және облыс активімен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен кеңеске Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, өңірден сайланған Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері және өңірлердің әлеуетін арттыруға ықпал ету бағытында мәслихаттармен бірлескен жұмыстың жаңа басымдықтары талқыланды. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, өңірдегі депкорпуспен атқарылған жұмыс барысын баяндады. Ол өз сөзінде Парламентке ұсынылған ұсыныстардың барлығы қаралып, өз шешімін тапқанын жеткізді. Мұнан соң Мәулен Әшімбаев облыстың мәслихат депутаттарымен кездесуде Мемлекет басшысы бастамашы болған реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету үшін Парламент мен жергілікті өкілді органдардың өзара іс-қимылын одан әрі арттыру маңызды екенін атап өтті.

Сенат Төрағасы айтқандай, Жамбыл облысы – қазіргі таңда экономикасы тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Аймақтың осындай әлеуетін белсенді іске асыру жолында депутаттар мен жұртшылық бірлесіп күш жұмылдыруға тиіс. Бұл ретте өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған тетіктер мен жобалар айрықша мәнге ие.

Сонымен қатар ол Сенат заң шығару қызметіне мәслихат депутаттарын белсенді жұмылдыруға және өңірлердегі өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесуге баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті. Осы себепті Парламент жергілікті өкілді органдармен бірнеше бағыттағы тығыз жұмысты әрі қарай жалғастыра беретінін жеткізді. Сенат Төрағасы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін ортақ күш жігер мен кешенді тәсілдерді қажет ететін алдағы негізгі міндеттерге де тоқталды.

Өз кезегінде аймақ басшысы облыстың қаңтар-мамырдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысын айтты. «Өткен жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнімнің өсімі 4,5 пайызды құрады. Ал осы жылдың бес айының қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 22,9, ауыл шаруашылығы – 1, құрылыс – 34,8, сауда – 2,8, көлік – 12,8, байланыс – 8,5 пайызға артып, экономикалық өсім 16,8 пайыз деңгейінде қалыптасты», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан газдандыру, жылу желілерін жаңғырту барысындағы жұмыстармен, автомобиль жолдарының жайымен, басқа да әлеуметтік бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай күйімен таныстырып өтті.

Кездесуде депутаттар өз көкейлерінде жүрген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әділов бұрынғы кезде колхоз бен совхоздарға тиесілі жайылымдық жерлердің орман қорына өтіп кеткенін айтып, оларды мемлекеттік жер қорына қайтару арқылы ауыл шаруашылығына тиімді пайдалану қажет екенін ұсынды. Ал білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков білім беру ұйымдарындағы ұжымдық шарттар негізінде берілген кейбір төлемдерді тексеруші қаржы ұйымдары заңсыз деп танып, кейбір қызметкерлерден кері қайтарылуы әлеуметтік наразылық туғызып отырғанын жеткізді.

Ол бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеуді сұрады. Сондай ақ академик Сейтхан Жошыбаев облыста халықаралық медициналық академия ашу және ауылдық жерде студенттер көмегімен орман тоғай отырғызуға 120 гектар жер телімін бөлуді ұсынды. Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ауыл кәсіпкерлеріне берілетін несиелердің мемлекет тарапынан субсидиялануы тоқтағанын айтып, бұл мәселені республикалық деңгейде шешуге қолдау көрсетуді сұрады. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлерге арналған сауықтыру орталығының құрылысын аяқтауға қолдау білдіруді өтінді.

Сенат төрағасы барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, оларды тиісті мемлекеттік органдар деңгейінде қарауға ықпал ететінін жеткізді. Мәулен Әшімбаев бұл көтерілген мәселелердің ел дамуына, халықтың әл-ауқатына тікелей әсері бар екенін және Сенаттың өңірлермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастыратынын айтты. Сапар аясында сенаторлар Жамбыл облысының дарынды және белсенді жастарымен жүздесті. Онда ел Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан жастарды қолдауға арналған ұлттық бағдарламалар мен заңнамалық шаралар әңгімеге арқау болды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жас буынның елді жаңғыртуда елеулі рөл атқаратынын айтып, қазіргі таңда жаңа көзқарастар, ғылыми ізденістер, тіл үйрену, заманауи цифрлық технологияларды зерделеу, жасампаз құндылықтар мен прогрессивті идеяларды сіңіру аса маңызды екеніне назар аударды.

Сенат Төрағасы Палатаның жастарды қолдау бағытындағы жұмыстары жөнінде де айтып өтті. Бұл ретте жас белсенді азаматтарды мемлекеттік басқару саласына тартудың және тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың әлеуетін арттырудың маңызы зор екені анық. Кездесуде Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» сияқты қоғамдық жобалар осы мақсатты көздейтіні айтылды.

Сонымен қатар М.Әшімбаев облыс аудандарына барып, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен де танысты. Сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік орындары мен Тараздағы облыстық әлеуметтік оңалту орталығында болды. Мұнда 18 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және қарттығына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын жандарға тиісті жағдай жасалған. Өңірге сапар барысында Сенат депутаттары Байзақ ауданында орналасқан «Мейірім» балабақшасына да барды.

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында жабдықталған нысан 25 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. Бүгінде аталған балабақшаға ауылдағы 125 бала барады. Сенаторлар бұл күні «JS GLASS» шыны зауытының және ауыл шаруашылығына арналған фторсыздандырылған фосфат өндіретін «Минералды тыңайтқыштар» кәсіпорнының ұжымдарымен де кездесті.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ