«Фиркан» басшылығы сөзімді тыңдаған да жоқ...

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау – әрбіріміздің міндетіміз. Оларға ыңғайлы орта құру – жекеменшік сауда орындарына да, жалпы мемлекеттік емес ұйымдарға да қатысты. Осыған орай Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Бүкіл әлемде мүмкіндігі шектеулі жандар күні атап өтіледі. Бүгінде облыста ерекше қажеттіліктері бар 45 682 мыңнан астам адам тұрады. Кеше арнайы құрылған топ мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге «Фиркан 24», «Дәмді себет» азық түлік дүкендер желісін, «Садыхан» дәріханасын және «Форте Банк», «Каспи Банк» ғимараттарын аралап, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдайларды көрді. Бірақ көзбен көргендері көңілден шықпады. Себебі инво такси секілді көлік қоятын тұрақ та жоқ, кіре берісте пандус та жоқ. Сыртқы есік те, әжетхана да ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп-тұруына бейімделмеген. Дүкендердің ішінде, кассаларда, сөрелердің маңында арнайы белгілер жоқ.
«Алатау» шағынауданында орналасқан «Береке банктің» ғана пандустары, арбамен жүру жолағы, шақыру белгісі, касса алдындағы орын, тіпті арнайы мүгедек жандарға арналған әжетханасы бар болып шықты. Байқағанымыздай үлкен сауда орындары алдындағы пандус, көлік тұрағы мәселелері ешбір жерде шешілмеген. Көбісі талапқа сай емес. Дүкен басшыларына заң бойынша жасалуы тиіс шаралар түсіндірілді.
Егемендік алғалы бері елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға толық интеграциялануы жөніндегі саясат жүзеге асырылуда. Айтылған сын, ескертпе, кеңестер алдағы уақытта ескеріледі деген сенімдеміз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА