Әлеумет

Анардың да айтары бар

The final spritzer

Өмірде талай мықты жандар бар. Олар үшін бәрі мүмкін. Мүмкін емес деген сөзді олар қолданбайды. Қоғам оларға «мүмкіндігі шектеулі жан» деген ат таңса да олар ештеңеге қарамай бақытты болуды үйретіп жүр. Деніміз сау бола тұра шамамыз келмейтін істер баршылық. Қол қусырып, екі қолға күрек таппай отырған еңгезердей ерлер де қаншама. Ал оның жігері, ерлігі дәл өзі секілді және он екі мүшесі сау адамдарға да үміт сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттырып жүр. Ол тумасынан ерекше – Анар Бексұлтанова.

Бүгінде ол депутат. Кәсіпкер. «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Анар жайлы жазылып та жүр. Алайда шегі мен шеті жоқ мына ғажап өмірде Анардың өз айтары бар. Оның екі аяғы екі қолы іспеттес. Шаң сүртіп, үйді жинайды, қоңырау шалсаңыз көтереді, аяғымен жіпті өткізіп, көрпені де қабып, көктейді. Құдайдың құдіретімен ерекше осындай қабілеті бар. Бүгінде өмірдің сан соқпағынан өткен Анар Бексұлтанова кәсіпкерлікпен айналысады. Нақтырақ айтсақ қыз жасауын жасап, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол ең алғаш «Janome» тігін машинасымен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге осымен жұмыс істеп, еңбек етеді.

Арманы асқақ Анар Бексұлтанова өзі секілді жандарға көрпе көктеуді, тігін тігудің қыр-сырын үйретіп жүр. Облыстардан, аудандардан арнайы іздеп келетіндер көп. Ешкімге алақан жаймаған, мүмкіндігім шектеулі деп өзін мүсіркемеген ол «шектеу тек мида ғана» дейді. Оның көктеген көрпелерін көрсеңіз көздің жауын алады. Шындығында ол тігін тігу, құрақ пішудің, сурет салу, үй жұмысын істеу сияқты тірліктерді еш қиындықсыз еркін атқарады. Жасаған дүниелерін көрмелерге қояды.

«Көрпе FEST-2022» мегафестиваліне қатысып, Жаңаөзен қаласына барып қыз-келіншектерге шеберлік сыныбын өткізіп қайтыпты. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Қоғам дамуы үшін әр адамның еңбекқорлық, адалдық қағидаттарын ұстануы маңызды. Сүйікті істеріңізбен айналыса отырып, ақша тауып, ұлттық қол өнердің дамуына үлес қосып жүрген ол тағы бір сөзінде былай дейді.

Кәсіпкер бүгінде көпке мәлім «Махаббат» көрпелерін де тіге береді. Жұмысқа қажетті маталарды Шымкент пен Бішкек қалаларынан сатып әкеледі екен. Ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа мұра ету – Анардың алға қойған мақсаттарының бірі. Аудандағы ісмер қыз келіншектерге арнап өткізіп жүрген шеберлік сағаттарында тігін тігудің қыр-сырын үйретіп жүр.

Шеберлік сабағы нәзік жандыларды ұлттық ою-өрнектерінің түрлерімен таныстыруға және оларды тігуді үйретуге бағытталған. Әр түрлі мата бөлшектерінің түстерін үйлестіріп құрақ құрау – бұл нағыз өнер. «Арқармүйіз» және «Қосмүйіз» өрнектелген құрақ көрпелер мен жастық тысын тігіп, үйретіп жүр. Көрпе тігуде ең алдымен матаның түріне, сапасына және әдемілігіне мән береді екен. Көрпенің сапалы матадан дайындалуы маңызды.

Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп, жалғаса түседі деуге болады. Иә, ісмерлік ұшы – қиыры жоқ өнер.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.