Білім

Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді

The final spritzer

Ел өркениетінде ғылыми жетістіктердің алар орны бөлек. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде ашылған жаңалық халықтың игілігіне жараса, мемлекеттің жан-жақты дамуына да жол ашады. Бүгінде елімізде білім іздеп, ғылыми зерттеулермен айналысып, игі жаңалыққа ұмтылған жастарға қолдау аз емес. Тіпті жас маман даярлайтын оқу орындары да бұл бағытта бір-бірімен бәсекелесе дамып келеді. Өңіріміздегі бірнеше және түрлі бағытта ғылыми зерттеу орталығы бар оқу орны – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті. Аз уақыт ішінде еліміздің заманауи оқу орындарының бірі ретінде танылған бұл оқу ошағы білім беру саласы мен ғылым кеңістігінде өзіндік имиджін қалыптастырып, мемлекеттік және жеке тұлғаны сапалы білім алуға деген мұқтажын қанағаттандыруды өз қызметінің басты бағыты деп есептейді.

Университет базасындағы «Агробиологиялык», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Аквакультура» ғылыми зерттеу орталықтары ғылыми жетістіктер мен тәжірибелердің жаңа орталығына айналған. Бұл орталықтарда жас ізденушілер ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе жинаумен қатар, өздерін қызықтырған салада тың ілім ізденуге мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар осы оқу орны ғылым мен өндірісті байланыстыру мақсатында балық зауытын да ашып, осы шаруашылыққа қажетті жұмыстарды қолға алды.

Университет ректоры Махметғали Сарыбековтің айтуынша, 2009 жылы университет жанынан Халық жазушысы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шерхантану» ғылыми зерттеу орталығы ашылып, жұмыс істеп келеді.

Шерхан Мұртаза атындағы ХТУ ғалымдарының әрбір жылдардағы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі оқу үдерісіне тұрақты енгізіліп отыр. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы өз ізденістерімен халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда, алыс және жақын шет елдерде, ТМД елдерінде өткізілген халықаралық конференцияларда баяндап келеді. Университет ұжымында білікті, тәжірибелі, ұтқыр ойлы, ғылымда жаңашыл бастамалары бар деуге болады.

Оқу-әдістемелік кешендерге түрткі болатын ғылыми жобаларымен профессор-оқытушылар құрамы көптеген конкурстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Солардың қатарында «ЖОО-ның үздік оқытушылары» мемлекеттік грантының иегерлері де бар. Университет білім беру және ғылым салалары бойынша академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу мақсатында Түркия, Германия, Польша, Болгария, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея және ТМД мемлекеттерінің қатарында жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасап, меморандумдарға қол қойған.

Бүгінгі таңда университет шетелдік оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыс орнатып, бірлесе атқарар жұмыстарды жоспарлап, бекіткен.

Университеттің белсенді студент жастары республикалық пәндік олимпиадаларда өз мамандығы бойынша терең білімдерін көрсетіп, ұтқыр ойымен, зияткерлік қабілетімен дараланып, жүлделі орындарды иеленуде. Оқу орны өзінің белсенді, табанды, ізденімпаз, мобильді, жаңалықты тез қабылдайтын студенттерін университет имиджін дамытатын негізгі күш деп бағалайды.

Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде Халықаралық Тараз университетінің педагогикалық оқытушы құрамы мен студенттері жеткен ғылыми жетістіктері де аз емес. Ашқан жаңалықтары мен дәлелді тұжырымдарын ел игілігіне арнаған университеттің келешектен күтері де көп.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.