Жаңалықтар

Орманшылар неге іссапарға жиі шығады?

The final spritzer

Аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту үшін орман шаруашылығын дамыту өте маңызды. Бүгінде облыс аумағында орналасқан 15 орман шаруашылығы мекемелері мен мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізіп келеді. Десек те, бұл бағытта облыстық мәслихаттың кезекті зерделеу жұмыстарында бірқатар олқылықтар анықталған.

Мәселен, Мойынқұм ауданы, Қызылтал ауылдық округіндегі Бұрыл-Байтал ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің Н. есімді бас есепшісі 136 рет іссапарға шығып, 2,3 миллион теңге жұмсаған. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков баян етті.

Қазіргі таңда облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 4,4 миллион гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектар жерді құрайды. Сол арқылы орман қоры жөнінен облысымыз республикада екінші орынды алып жатыр. Соған сәйкес талдау барысында мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі техника мен жабдықтардың саны нормативтеріне сәйкес келмейтіндігі белгілі болған.

Мәселен, нормативтер бойынша аймақта 15 өрт сөндіру машинасының орнына 5 өрт сөндіру машинасы, 62-нің орнына 57 доңғалақты трактор, 7-нің орнына 1 шынжыр табанды трактор, 33 орнына 15 шағын орман өрт сөндіру кешені бар. Оның ішінде қолданыстағы көліктер мен арнайы техниканың 41 бірлігі (5 өрт сөндіру автокөлігі, 15 патрульдік автокөлік, 10 доңғалақты трактор, 4 мотоцикл, 7 борттық көлік) есептен шығаруға жатады. Ал облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, алдағы уақытта бірқатар техникалар сатып алынып, олқылықтың орны толтырылмақ.

Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары жүйелі қаржыландырудың нәтижесінде, өткен жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық техникалық базасының құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 78 пайызға жеткендігін атап өтті. Оның сөзінше, мекемелердің материалдық техникалық базасының қамтамасыз етілуі нормалар мен нормативтеріне өзгеріс енгізілуіне байланысты 40 пайызға дейін төмендеген.

 

Нұрболат АМАНБЕК