Әдебиет

Мыңнан астам кітап цифрлық форматқа көшірілген

The final spritzer

Әлеуметтік салаларда да қазіргі таңда жаңа технологиялар кешенді түрде дамып келеді. Солардың бірі – кітапхана жүйесі де цифрлық трансформацияны бастан өткеруде. Облысымызда тұрғындарға түрлі мәдени және ақпараттық қызмет көрсететін 275 мемлекеттік кітапхана болса, барлығы да компьютерлендіріліп, автоматтандырылған жүйелер арқылы жұмыс істейді. Облыстағы кітапханалар компьютермен толық қамтылған. Жалпы, өңірдегі кітапханаларда 1220 компьютер болса, 939 ы аудандық кітапханаларда орналастырылған. Осы компьютерлер мен заманауи бағдарламалар кітапханалардың жұмысын жеңілдетіп, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыруда. Мысалы, Web-РАБИС, РАБИС, RWБИС, АИС-СБРК және КАБИС сияқты бағдарламалар арқылы кітапхана қорлары сандық жүйеге енгізілген.

Облыстағы мемлекеттік кітапханалардың тағы бір маңызды қадамы – цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылуы. Облыс бойынша 186 цифрландырылған ақпараттық орталық қызмет көрсетеді. 5 орталық Тараз қаласында, қалған 181 орталық 139 ауылдық округте орналасқан.

Ақпараттық орталықтар арқылы азаматтар eGov.kz порталындағы 25 мемлекеттік қызмет түрін онлайн ала алады. Өткен жылы орталықтарда барлығы 223111 анықтама берілген. Әсіресе, зейнетақы жинағы, сотталмағандығы туралы, жылжымайтын мүлікке қатысты анықтамалар көп сұранысқа ие болған. Мәселен, зейнетақы жинағы бойынша 3021, сотталмағандығы туралы 5992, жылжымайтын мүлікке қатысты 1527 анықтама берілген.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, облыстық кітапханада да цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Атап өтер болсақ, «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобалары бүгінде тиімді жүзеге асырылуда.

Мысалы, «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында кітапхана қорындағы 1021 құнды және сирек кітаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 363 басылым цифрландырылыпты. Сонымен қатар кітаптардың электронды нұсқалары Ұлттық кітапхананың электронды қорына жіберілген. Сондай-ақ «Шоқан асулары» жобасы аясында 47 кітап цифрлық форматқа көшірілген.

Шын мәнінде, өңір кітапханаларындағы цифрландыру жұмыстары тек бүгінгі қажеттіліктерді қанағаттандырумен шектелмейді. Бұл шаралар келешекте өңірдегі барлық тұрғындарға, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын адамдарға білім алудың, мәдениетке қолжетімділіктің жаңа мүмкіндіктерін аша түспек. Осы себепті алдағы уақытта да кітапханалар цифрландыру бағытындағы жұмыстарын одан әрі жалғастыра отырып, руханият ордаларының қоғам өміріндегі рөлін күшейтуді мақсат етуде.

 

Нұрболат АМАНБЕК