2005-2025 жылдар аралығында кезекке тұрғандарға қашан жер беріледі?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің спикерлігімен «Тараз қаласының 2025-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.
Бақытжан Әмірбекұлы ең әуелі Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен 6 айдың қорытындысы туралы ақпаратпен бөлісті. Атап айтар болсақ, биылғы негізгі жаңалықтардың бірі – қалада екі аудан, яғни «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылып, жер көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 31,8 мың гектарды құрады.
Бұрынғы жер көлемі 18,8 мың гектар болатын. Халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті. Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасына сәйкес, қалада өзекті болып отырған біраз мәселе өз шешімін табуда. Әсіресе, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту бойынша облыс орталығында қажеттілік туындағаны рас. Осы мақсатта екі көпір құрылысын салу жоспарланды.
Біріншісі – Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды.
Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару үшін 1,8 миллиард теңге және нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар басталды.
Екіншісі – Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салу жобасы. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жобаның құны – 23,04 миллиард теңге.
Аталған эстакада салынған жағдайда жерүсті көпіріндегі үлкен көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына және №14 шағынауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ Бақытжан Орынбеков қазіргі таңда 22 мыңнан аса азаматтың пәтер кезегінде тұрғандығын айта келе, қоғамдағы өзекті тақырып – тұрғын үй мәселесі бойынша сөз қозғады. Ол өз сөзінде «Сәулет» шағынауданы, «Ұлы дала» шағынауданы мен «Әулиеата» шағынауданындағы тұрғын үйлердің құрылысына тоқталды.
Қала әкімі тағы бір өзекті мәселе – жер кезегіне 2005-2025 жылдар аралығында 130479 азамат тіркелгенін, кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында Асқаров көшесінің соңы 312 гектар, «Хамукат» 126 гектар және «Қарасай» 126,6 гектар алқаптарынан жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекет қажеттілігі үшін алып, инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып, қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Бұдан бөлек брифингте қала әкімі көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, жылу желілерін жаңғырту, ауыз сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, қаланы көгалдандыру және ирригация жұмыстары бойынша есеп берді.
Арна ЖҰМАТА