Таразда егілген талдар неге өнбей қала береді?

Тараз – әу бастан жасыл желегімен аты шыққан, көк желекке көмкерілген иранбақтай қала. Бірақ соңғы жылдары қалада өсіп, өніп кеткен тұрған тал-дарақ аз болып тұр. Жас өскіндер егіліп жатыр. Бірақ жерсінбей жатыр ма, әлде жеткізілген ағаштардың сапасы нашар ма? Су тапшы ма?
Жыл сайын дәстүрлі түрде бір айқай болады. Ағаш неге қурады, қураған ағаштың саны қанша? Мұны анықтап жатқан адам жоқ. Жылда ақша бөлінеді. Мәселен, «Жасыл ел – Тараз» мекемесінен сұрастырғанымыздай, биылғы көшеттер бір көзден, тендерсіз сатып алынған. Кепілдігі бір жыл. Бұл ауызша айтылған мәлімет. Кепілдігі бар ма, жоқ па, оны да Құдай біледі.
Таразда жыл сайын түрлі ағаштар егіледі. Оған бюджеттен әжептеуір қаражат бөлінеді. Өңірімізде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы «Қызылабад» шағынауданына 20 мың түп ағаш егілген. 2024 жылы да 20 мың ағаш отырғызылған. 2025 жылға 20 мың ағаш егу жоспарланған. Соның 10 мыңы отырғызылыпты. Енді күз айында қалған он мыңы егілмек. Ал адам саны ең көп шоғырланған «Ұлы дала» шағынауданына қазіргі уақытта 1560 ағаш отырғызылған. Судың да сұрауы бар.
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері республикалық экобақылау акциясы аясында егілген ағаштардың жай-күйін бақылап, олардың күтімін, суғарылу барысын, қаншауы жерсінгенін тексеріп көрді. Зерделеу тобын облыстық мәслихаттың депутаты, эколог маман Серік Қойбақов бастады. Қоғамдық бақылау барысында тал-дарақтардың күйі зерделеушілердің көңілінен шықпады. Ең бірінші «Ұлы дала» шағынауданындағы Көшек батыр көшесі бойындағы саябаққа бардық. Мұнда 2025 жылдың наурыз айында 150 терек, 200 қарағаш, 75 катальпа, 75 шаған ағаштары егілген екен.
Талдардың барлығы су ішпеген, сусызданып тұр. Қурап кеткені қаншама?! Штаб мүшелерінің ішінде эколог, орманшылар, қаржыгерлер, БАҚ өкілдері болды. Штаб мүшесі, ардагер Құрманбек Есімбеков қолына құрал-саймандарын алып, ағаш түбін, яғни топырақты аршып көрді. Су тимеген, түбі құп-құрғақ. Жауапты «Жасыл ел – Тараз»мекемесінің бас аграномы Жасұлан Молдабаевтың айтуынша, ағаштар бір аптада бір суарылуы тиіс екен.
Бұдан соң Құмшағал, «Қызылабад» шағынаудандарына егілген ағаштардың жайымен таныстық. Бізді Рәтбек Несіпбай есімді агроном күтіп алып, жол бастап жүрді. Саңқылдап сөйлеп, 2023 жылы бұл салада жұмыс істемегенін, ол жылдарға жауап бере алмайтындығын айтып әлек. Ағаш егілген жерге қарасақ, 2023 жылы егілген ағаштар түгел қурап кеткен. 2024 жылы егілгендердің 80 пайызы жайқалып тұр. Ал биылдыққа егілгендер 20 пайыз өнген.
Мына аптап ыстықта ағаш тұрмақ, адам да қаталап жүр. Жұмысшылар шамасы жеткенше басшылардың айтқан қатаң тапсырмасымен аптасына бір рет суғарып жатса керек. Аптасына бір емес, күн ара суғарылса да жақсы. Өйткені жер кеуіп кетіп жатыр. Енді сұрақ туындайды, қалалық әкімдіктің жауапты басшылары қайда қарап отыр? Әкімдік мұнда су тартылмағанын білмейді ме? Алдын ала неге сумен жабдықталмаған? Жыл сайын неге Таразда ағаштар өле береді?
Эльмира БАЙНАЗАРОВА