Аймақ

Тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болды

The final spritzer

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы кеңінен айтты.

Оның сөзінше, биыл облыс көлемінде 659,9 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 33,2 мың гектарға арттыру көзделген. Сонымен, көктемгі дала жұмыстары барысында дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 372, майлы дақылдар – 40,2, қант қызылшасы – 6, картоп – 6, көкөніс – 34,9, бақша дақылдары – 14,1, мал азығы дақылдары – 183,7 мың гектар алқапқа орналастырылды.

Бүгінгі күні облыстың барлық аудандарында көктемгі дала жұмыстары аяқталып, мал азығын жинау жұмыстары жалғасын табуда.

Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 7 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарланған. Өткен жылы 145 шаруа қожалыққа «Кең дала» бағдарламасы аясында 1,5 миллиард, «Кең дала – 2» бағдарламасы шеңберінде 1 миллиард теңге несие берілген болатын. Ал биыл 4,7 миллиард теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, оның 4,5 миллиард теңгесі берілсе, 152,1 миллион теңгені құрайтын өтінімдер мақұлданып, құжаттары рәсімделу сатысында.

Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы техникасын 6,5 пайызға жаңарту көзделген. Жалпы, алынатын техника 400-ді құрайды. Ал былтыр 502 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жоспар 8,9 пайызға орындалған. Оның 485-і трактор болса, 17-і комбайн. Есепті кезеңде алынған техника саны – 144. Оның 140 ы трактор болса, 4-і комбайн. Бұл жоспардың бар болғаны 23 пайызын құрайды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ