Қоғам тыныштығы үшін қызмет ететіндерге құрмет көрсетілді

Полиция қызметі – тәулікпен санаспай, халық тыныштығы үшін аянбай еңбек етуді талап ететін абыройлы қызмет. Жақында өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор екенін атап өтті. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Оның дәлелі ретінде соңғы жылдары ішкі істер органдарындағы ауқымды реформаларды айтуға болады.
Жалпы, Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 33 жыл жыл толып отыр. Айтулы датаны жамбылдық полицейлер де тарапынан Тараз қаласындағы «Баласағұн» облыстық концерт залында жоғары деңгейде атап өтті. Оған Тараз қаласы мен аудандардан полиция қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. Мерекелік жиын облыстық полиция департаменті туының көтерілуімен салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекеттік Әнұран орындалды. Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке берілді.
Мұнан соң аймақ басшысы полиция саласында елеулі көзге түскен азаматтарды құрметтеп, марапаттады. Осындай құрметке ие болғандардың қатарында Шу ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев және полиция имиджін қалыптастырып жүрген Зайнулиндер отбасы бар. Атап өтерлігі, бұл әулеттің үш буыны – ата, әке және немере – барлығы да ішкі істер саласында еңбек етіп, өз мамандығына деген адалдығын дәлелдеп келеді.
Сонымен қатар жиында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан қызметкерлердің жанқиярлық ерлігі де ескерілді. Бұдан кейін салтанатты жиында облыс әкімі 10 қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды. Содан соң полиция қызметкерлерін облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев және облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының төрағасы Тұрдалы Шералин құттықтап марапаттар тапсырды.
Шара барысында Ішкі істер министрінің бұйрығымен 35 полиция қызметкері ведомстволық марапаттарға ие болса, облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен 500-ден астам қызметкерге шен, медаль, төсбелгі, грамота мен алғыс хат табысталды. Сондай-ақ жиын барысында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің аналары мен жұбайларына құрмет көрсетіліп, оларға алғыс ретінде бағалы сыйлықтар табысталды.
Жиын соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама мен түйінделді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ