Жамбылда не жаңалық?

«Бизнеске тамыр-таныс, әке-көке керек емес»

Кәсіп бастаудың қызығы мен қатар қиындығы көп. Оны нөлден бастаған адам біледі. Бір істі бастау – қиынның қиыны. Әйтпесе елдің бәрі кәсіпкер болып кетпей ме? Елімізде сан түрлі кәсіп бар. Себебі әркім жүрегіне жақынын, қолынан келгенін жасайды. Туындаған идеяны әрекетке айналдыру – кез келгенің қолынан келмейді. Қолында қаражаты болса, идеясы жоқ, идеясы болса қалауы жоқ, қалауы болса қаржысы жоқ. Әйтеуір әрбірімізде кәсіп бастамауға бір себеп бар.

Белгілі бизнесмендердің айтуынша, ойға алған нәрсені 72 сағатта іске асыру қажет екен. Олай етпесең оны жасамауға мың сылтау табылады. Кәсіп – нәсіпке айналса құт. Жалпы, Тараз қаласы бизнес жүргізуге ең қолайлы қала. Екі мың ғасырлық көне қалада не көп – мейрамхана көп. Тамақ өнеркәсібі тоқтаусыз жүріп жатқан сала. Мемлекеттің бай қуатты болуына әрі экономикаға үлес қосып жатқан еңбегі жанған арудың бірі – Гүлдана Атабаева. Ол өзіндік қолтаңбасы бар жас ресторатор. Іскерлік ортада өте сыйлы. Жас та болса көпке үлгі болған ол «La villa» мейрамханасының иесі. Үш баланың анасы. Жұбайы Санжар Апбасов – бұрынғы полиция қызметкері.

Қазір «Friends burger taraz», «Tandir_taraz» кәсіптерінің иесі.

Гүлдана Атабаева 1990 жылы өңіріміздегі Жамбыл ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен шетелге оқуға кетіп, әбден тәжірибе жинақтаған. Шетел көрген жастың бірі. Жастығына қарамастан елдегі ірі ресторатор. Сүйікті келін, адал жар. Отбасының ұйытқысы болып отыр. Бұл күні ешкімнің бір айлыққа күнелткісі келмейді. «Әр кәллада бір қиял» демекші, дүкен ашсам, балмұздақ, жүгері сатсам деп отырған жандарға жоғарыдағы кәсіпкерлердің өмір жолы, кәсіп бастауы үлгі болса екен. Өз үйінде отырып іс ашып, кәсібін кеңейтіп, бір іс бастағысы келіп жүргендерге азық болар деген үміттеміз.

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Гүлдана Instagram әлеуметтік желісінде өте белсенді. Оны күніне 243 мың адам қарайды. Бұл күндері мейрамхана ісі мен мейманхана ісі арнайы жоғары оқу орындарында оқытылады. Келешекте бес жұлдызды қонақ үйдің не табысты мейрамхананың иесі атану үшін бұл кәсіпті мамандық ретінде де игеруге әбден болады.

«La villa» мейрамханасы бастапқыда «Райский сад» деп аталған. Бүгінде атауы өзгерген. Көбінде бұл ресторан ең үздіктерді таңдайтындарға арналған. Еуропалық тағамдардың сан алуан түрі менмұндалап тұр. Мұндағы мәзір мен сусын авторлық жолмен жасалады. Аспазшылары дәмді ас дайындаумен аты шыққан. Қазір «қай салаға барсам ақша көп» деп ойланатын дәуір. Әр саланы зерттеп жүргендер де жетерлік. Жылына екі рет туады деп ешкі бағып, жұмыртқасы мен еті пайда деп тауық асырап, шалбардың бір балағын қысқартсаң бір мың теңге табам деп тігіншілікке келгендер де көп. Бір істі бастап, екіншісін тастап, әр істің басын шатып жүріп, үшіншісін ашқанда пайдаға кенелгендер де бар. Кәсіпті ашып – жабудан қорықпай, оны бизнес биігіндегі дәріс деп білген жөн болар-ау. Әр саланы байқап көру – ұят емес. Не де болса, ашар кәсібіңді жақсы көріп істесең ақша сол жерде екен.

«Сізде ақша аз болса, кәсіп жасаңыз, егер мүлдем болмаса, дереу кәсіп бастаңыз» деген екен Джон Рокфеллер. Ұлы Абай да «Ісім өнсін десең ретін тап» деп бекерге айтпаған болар. Әлдекімнен көмек күтіп, оңтайы болар деп тосып отырсақ, өзгеріс өздігінен келмейді.

 

Рузана АЙҒАРАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.