Экономика

Ақшаң болса акция сатып ал

The final spritzer

Инвестиция – бұл қарапайым математика. Инвестиция жасау қиын емес. Қолжетімді бағамен бастасаңыз болады. «Kaspi bank» акциясы арқылы немесе айфонның инвесторы болып баюға мүмкіндік бар. Қалай десеңіз түсіндірейін. Өздеріңіз білесіздер, айфонның соңғы моделінің бағасы бір жарым милллион теңгеден басталады. Елдің бәрінің қолы жете бермейді. Айфонның өзін емес, оның акциясын 84 мың теңгеге сатып алсаңыз, үстінен дивидент алып отырасыз. Банктерді байытпай, олардың акциясын 5 мыңнан бастап алуға болады. Осы секілді тиімді компанияларға инвестор болып, ұйықтап жатқанда да ақша көбейсін десеңіз, оқыңыз.

Еліміздегі танымал заңгер Гүлмира Қарасайқызы былай дейді:

Тақырыпқа тұздық болсын. Осы заңгер тойға барғанша, оған ақша шашқанша сол ақшаға акция сатып алып, өсімінен пайда тап деп жүр. Яғни, инвестор бол дейді. Жәрдемақы алып отырған декреттегі ана да аз ақшамен инвестиция жасай алады деп сендіреді. Тәуекелге бел буған жас акционердің бірі Жансая Сапарбай – 22 жаста. Әуелі отандық банктен акция сатып алған. Кейін америкалық компаниялардың құнды қағаздарына қызығады. 3 жылдан бергі табысы әжептәуір. Қазір 40 миллионнан астам теңгесі айналымда жүр.

Құнды қағаздар сатылымға шығарылып жатқанымен, қазақстандықтардың акция сатып алуға деген қызығушылығы төмен екен. Акционерлер мен қаржы саласының мамандары осылай деп отыр. Шетелдіктер үшін құнды қағазды сатып алу дағдыға айналса, бізде бұл әлі де таңсық сала. Ал акционерлерді көбейту, ел экономикасын көтерудің бір тетігі. Акционер атану үшін нені білу керек? Акциялардың бағасы әртүрлі. Құнды қағаздар құны 100 теңгеден бастап 10 мың теңге аралығында.

Мамандар бастапқыда орташа есеппен он мың теңгеге сатып алған жөн дейді. Акционер атану үшін әуелі сатып алушы мен сататын компания арасындағы делдал яғни, брокерлік компанияны дұрыс таңдау керек. Өйткені алаяқтар көп. Келесі қадам, акцияларын сатылымға шығарған компанияның бүгіні мен болашағын әбден зерттеу қажет. Қазақстандықтар үшін шетелдік компания акцияларын алуға еш шектеу жоқ.

Қазірдің өзінде отандық акционерлер 52 елдегі ең танымал компания акцияларын сатып алып, пайдасын көріп келеді. Инвестор кім дегенде ойымызға ірі, ауқатты бай адам елестейді. Жасырын емес, жарқ-жұрқ етіп елде жоқ киім киген, яхтасы мен ұшағы бар маң-маң басқан адам шығар дейміз. Бірақ біз қателесеміз.

Инвестор – кейде дым пайда көрмей тиын санап қалатын, кейде ақшасы асып тасып жататын кәсіпкер немесе қарапайым адам. Ол да ет пен сүйектен жаралған пенде. Айырмашылығы ол ақшасын тауарға, тауарды ақшаға айналдыра алады. Тәуекелге бел бууға қорықпайды. Ойға алған ісін 72 сағаттың ішінде жүзеге асырады. Ал енді біздегі инвесторлар қайда инвестиция жасап жүр? Соны білейік.

«Қолыма қарға саңғығанда», «байығанда инвестиция жасаймын» деу қателік. Сосын инвестицияны жаңа бастағандар 100 мың салып тез арада 400 мың қылып алғысы келеді. Бұлай асықпаған жөн. Бұл үлкен қателік. Сондықтан ұзақ мерзімді инвестиция жасау керек. Қазақтарға инвестиция бейтаныс дегенімізбен, бұл жаңа замандағы ақшаны көбейтудің жаңа тәсілі ғой. Ата-бабамыз инвестицияны бұрыннан білген. Tesla, Apple компанияларының акцияларын алуды білмесе де олар бұзаулы сиыр сатып алып, оны өсіріп, мал басын көбейтіп, құрт-майын алған. Өсім де көрген, үстінен дивидент те тапқан. Яғни, қазаққа инвестиция жат емес.

Маманның пайымдауынша, банк картасын ашу қалай оңай болса, қазір брокерлік шотты ашу да тура сондай оңай жұмысқа айналды. Ал акция сатып алу, онлайн дүкенде тауар сатып алғанмен бірдей. Кез келген адам үйінен ешқайда шықпай-ақ, брокерлік компания қолданбасын жүктеп, тіркеуден өтіп, инвестор атана алады. Оған бар-жоғы 5 минут уақыт кетеді. Енді акция сатып алу үшін тіпті брокерге қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы іспен шұғылданатын инвестициялық банктер мен компаниялардың ұялы қосымшасын жүктеп алса жеткілікті, сол арқылы екі-үш рет түртіп, жаһандық кез келген алпауыттың акцияларын сатып алуға болады.

Бұған қоса, қазақстандықтарға енді үйден шықпай-ақ NYSE/NASDAQ, London Stock Exchange, MCX, SPB Exchange, HKEX, Frankfurt Stock Exchange сияқты әлемдік қор биржаларында акциялар саудасына қатысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін құнды қағаз сатып алу күрделі болды. Алдымен брокерге хабарласып, брокерлік шот ашу қажет еді. Содан кейін компьютер-ноутбугыңызға платформаны орнатып, сертификаттарды жүктеп, логин мен пароль енгізіп, қаптаған рәсімдерден өту қажет болатын.

Apple, Facebook, Google, Тесла секілді әлемдік алпауыттардың акцияларын сатып алып қойсаңыз, бірер жылдан соң олардың құны жүздеген мың долларға қымбаттайды. Тіпті бір бөлігін мұраға қалдыруға болады.

 Әлеуметтік желілерде акциялар саудасын жарнамалап жүрген қазақстандық блогерлер бар. Олар көбіне алпауыт компаниялардың құнды қағазын сатып алғанын көрсетіп, мақтанады. Осыған қызыққан жандар еш дайындықсыз биржаға асығады. Бірақ биржа жаққа аяқ баспас бұрын ең құрығанда құнды қағаздар саудасының әліппесімен танысып алатындар аз. Яғни, қаржылық сауатыңызды арттыру қажет. Ал оларды сертификатталған мықты трейдерлер кейде қарапайым халықты алдап соғып жатқандары да бар.

Қорыта айтқанда, біз акция сатып алу ісін табыссыз һәм қажетсіз дүние дегіміз келмейді. Тек оған да іскерлік керек екенін ескерген абзал.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА