Экономика

Бюджетті тиімді игеру жағынан алдыңғы орындамыз

The final spritzer

Биыл елімізде ауқымды салық реформасы басталды. Реформа аясында салық жүйесін ретке келтіріп, «көлеңкелі» экономиканың көрігін қыздырып жүргендердің ақшасын заңды айналымға қосу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, «Салық жүйесі – мемлекеттік жүйенің негізгі тірегі», – деп мәлімдеді.

ЕЛ БЮДЖЕТІНІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАҒЫТТАЛҒАН

Мемлекет басшысы халықтың салық реформасының өзекті екенін айтып, маңызына баса назар аударып, экономикалық, қаржылық мәселелерді барлығы бірдей жетік білмейтіндігін сондықтан Үкімет реформаның мәнін халыққа түсінікті тілде жеткізуге тиістігін жеткізді. Сонымен қатар Президент бұл бағытта қандай өзгерістер енгізілетінін, олардың қандай нәтиже беретінін егжей-тегжейлі түсіндірудің маңыздылығын атап өткен еді.

Бүгінде ел бюджетінің жартысынан астамы әлеуметтік салаларға жұмсалады. Бұл білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік жәрдемақыларды қамтиды. Мемлекет басшысы мұндай шығындарды азайту көзделмейтінін, бірақ көмек тек шын мұқтаж жандарға берілуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет тиімсіз және басымдыққа ие емес жобаларға бөлінетін қаржыны қысқартып, заңсыз жәрдемақы алудың алдын алу шаралары күшейте түспек.

ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТКЕ 5,6 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ КІРІС ТҮСКЕН

Жыл басындағы мәліметке сүйенсек, бюджетті тиімді игеру бағытында біздің облыс өңірлер арасында алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың жиырма екінші сессиясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров айтқан болатын. 2023 жылдан бері бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында өңірлік стандарттар жүйесі енгізілгенін атап өткен аймақ басшысының бірінші орынбасары бюджеттің игерілу барысына тоқталып өтті. Жалпы, өткен жылы облыстың бюджет кірістері 701,4 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 53,8 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде өзіндік кірістер мемлекеттік кірістер департаментімен атқарылған жұмыстар және алдағы жылдары іске қосылған өндірістердің қуатын арттыру нәтижесінде 179,6 миллиард теңгеге жеткен.

Өткен жылы облыс бюджетінің шығындары 727,9 миллиард теңге болса, әлеуметтік саладан бөлек, оның 281 миллиард теңгесі еңбекақы қорына, 271 миллиард теңгесі ағымдағы шығындарға, 41 миллиард теңгесі күрделі шығындарға, 135,6 миллиард теңгесі – даму бюджетіне жоспарланған. Салық түсімдері салық төлеушілер есебінен жүргізілетіні белгілі. Өткен жылы облыста 349 салық төлеуші қайта тіркеліп, ірі 78 салық төлеушілерден 5,6 миллиард жергілікті бюджетке теңге кіріс түскен. Аталған кәсіпорындардан биылғы жылы 6,2 миллиард теңге түсім күтілуде. Оның тең жартысы, яғни, 3,1 миллиарды жергілікті бюджеткен түседі деп жоспарланған.

Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы ел бойынша мемлекеттік шығыстардың негізгі бөлігі – 37 пайызы әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 44,7 пайызға дейін өсуі мүмкін. Яғни, халықты қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт пен туризмге бөлінетін қаражат артады.

ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫНАН ТҮСКЕН ТАБЫС БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУҒА ЖҰМСАЛАДЫ

Биыл кәсіпкерлерді алаңдатқан маңызды мәселелердің бірі қосымша құн салығын қайта қарау бастамасы болғандығы жасырын емес. Бұл жөнінле Ұлттық экономика вице министрі Бауыржан Құдайбергенов өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуінде бизнес өкілдерін алаңдатып отырған мәселеге қатысты пікір білдірген болатын. Айта кету керек, бүгінде құн салығының тіркеу шегі – 20 мың айлық есептік көрсеткіш. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 80 миллион теңгені құрап отыр. Яғни, кәсіпкерлік субьектісі қосымша құн салығын төлеу үшін ең төменгі айналымы осы межеде болуы керек. Жаңа Салық Кодексіне сәйкес бұл шекті 15 миллионға төмендету жоспарланған.

Айта кету қажет, өткен жылғы табиғи апат салдарынан бюджет тапшылығы туындауына байланысты қосымша құн салығынан түскен табысқа бизнесті қолдауға бағытталған шаралар да кешенді түрде жалғасын таппақ. Атап айтқанда, бұл бағытта облыста жыл сайын ел бизнесті кепілдендіруді 500 миллиардқа дейін арттыру, «Даму» қоры арқылы шағын және бизнесті қаржыландыруды екі есе ұлғайту, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды 700 миллиардқа жеткізу көзделген.

 

Нұрболат АМАНБЕК