Шағын және орта бизнестің жағдайы қалай?
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. Жалпы, бизнестің бұл санаттары қашанда мемлекеттік қолдауларға мұқтаж. Бұл ретте әсіресе, шағын бизнес түрі нарықтың барлық өзгерістері мен күйзелістеріне өте осал, мүмкіндіктері мен ресурстары орта және одан да ірі бизнеске қарағанда әлдеқайда аз. Сондықтан да әлемдік тәжірибе қолдау шараларынсыз бұл санаттағы кәсіпкерліктің банкротқа ұшырайтындығын көрсетеді. Соған қарамастан шағын бизнес экономикада тұрақтандыру қызметін атқарып, бәсекелестік ортаны құруға, оның барлық қатысушыларының кәсіпкерлік қызметке тең қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тиісінше, бизнестің осы сатысы экономиканың алғышарты саналады. Сол себептен елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударылған. Бұл бағытта өңірімізде де жүйелі жұмыстар іске асып келеді.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 106 мыңнан асқан.
Басқарма басшысының сөзінше, биылғы жылдың мамыр айына дейін аталған бизнес субьектілеріне облыста орналасқан қаржы институттарымен несие сомасы 32,3 миллиард теңгені құрайтын барлығы 14 346 кәсіпкерге несие берілген. Бұл қаражаттың 17,2 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер, 15,1 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілген. Берілген несиелердің 8,4 миллиард теңгені құрайтын 54 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі тетігі оларды құқықтық тұрғыдан қорғау саналады. Бұл бағытта өткен жылы прокуратура органдары 162 қадағалау актісін енгізіп, соның нәтижесінде 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Бұзушылықтардың басым көпшілігі салық, жер, әкімшілік заңнама салаларында анықталған. Сондай-ақ фронт-офистердің жүйелі жұмысының нәтижесінде 5 инвестордың мәселелері оң шешіліп, олар өңірде өз жобалары шеңберінде 720 жұмыс орын құрумен 230 миллиард теңге инвестиция салуда.
Атап айтқанда, «Talas Investment Company» серіктестігі прокурорларды үйлестіру кезінде «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамында несие желісін ашуға мүмкіндік алған. Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 500 ден астам актісі жойылып, бизнес-қоғамдастық өкілдеріне 246 миллион теңге төленген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың сөзінше, өткен жылы прокуратура және әкімдікпен инвесторлардың түйткілді мәселелерін, оның ішінде прокурорлар құрған маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис шеңберінде сүйемелдеу және шешуге жәрдемдесу бойынша бірлескен жұмыстар іске асқан.
Өңірде облыс әкімдігінің тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Jambyl Business» өңірлік бағдарламасы әзірленген болатын. Бағдарламаға әкімдік тарапынан 1 миллиард теңге, «Даму» қоры тарапынан 1 миллиард теңге бөлініп, балық шаруашылығын, моно және шағын қалаларды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бойынша жұмыстар іске асырылған.
Бағдарлама аясында үшінші бағыт бойынша 200 миллион теңгеге дейін 7 пайыздық мөлшерлемемен жеті жылға несие беріледі. Бұдан бөлек аталған салаларды дамыту бағытында «Ауыл аманаты», «Бастау Бизнес», «Бір ауыл бір өнім» жобалары жүйелі жалғасын тауып келеді.
Нұрболат АМАНБЕК