«Филолог» деп алған дипломым «Kaspi» қосымшасында неге «қаржыгер» болып жүр?

Университетті тәмамдағаныма да жиырма жылға жуықтапты. 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қазақ тілінің маманы ретінде 21 студент аяқтадық. Сөйттік те біріміз мұғалім, енді біріміз журналист, аудармашы, тіпті тәрбиеші болып жұмысқа орналастық.
Жақында бірге білім алған құрбыларыммен сөйлесіп отырып арамыздағы Гүлзана Оралова дипломының «Kaspi bank» қосымшасындағы электронды нұсқасында мамандығы «ветеринар» деп көрсетілгенін айтты. «Өңірімізге ветеринарлар жетіспейді, өте дұрыс болды», – деп қалжыңдап күлдім. Артынша болашақ профессор, Түркияда докторантурада оқып жатқан құрбым Балмира Мырзабай байланысқа шықты. Оның да мамандығы ветеринар болып шығыпты. Қаламыздағы Төле би атындағы №8 гимназиясында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып істейтін Гүлбайра Датқабек электронды дипломы ақ парақ болып тұрғанын жеткізді. Содан өзімді тексердім. Қарасам, қызықтың бәрі менде тұр. Электронды дипломымда мамандығым «Қаржыгер, финансист», дипломды берген оқу орны «Тараз өңірлік университеті» деп жазылып тұр. Осылайша, табан астында қаржыгерге айналып шыға келдім. Университет атауы бірнеше рет ауысқандықтан шығар сол кездегі Тараз мемлекеттік университеті деген атауы ұмытылыпты.
2021 жылдан бастап барлық құжаттарымыз, нақтырақ айтсақ, жеке куәлік, диплом, төлқұжат, жүргізуші куәлігі, көп балалы ана куәлігі, неке куәлігі және де тағы басқа құжаттар толықтай электронды форматқа көшіріле бастады. Бүгінде мектеп бітірген түлектер аттестатын, ал университет тәмамдағандар дипломдарын электронды түрде алуда. Баяғыша қағаз түрінде берілмейді. Осылайша, 1991 жылдан бастап берілген жоғары оқу орындарының дипломдары электронды базаға енгізілген.
Бүгінде базада 3,5 миллион диплом тұр. Электронды базаға ену жайлы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былай дейді:
Электронды дипломды туралау үшін 1414 қызметіне қоңырау шалдым. Мәселемді айттым. Оператор маған қателіктің жоғары оқу орнынан кеткендігін, базаға деректерді енгізгенде мәліметтер дұрыс енгізілмегенін айтты. Ол үшін өзім 20 жыл бұрын оқып кеткен білім ордасына қайта баруға тура келді. Сонымен, білім алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің әлем тілдері факультетіне бардым. Сұрастыра жүріп қателікті архивтен түзету керектігін білдім. Архивке барсам университет ішіндегі академиялық жұмыс жөніндегі департаментке жол сілтеді. Іздеп жүріп оны таптым. Технологиялық факультеттің екінші қабатында академиялық жұмыс жөніндегі департамент бар. Электронды дипломдағы кеткен қателіктермен білім бағдарламаларын жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің мамандары айналысады екен. Бөлім жетекшісі – Гүлмира Дәуренбекова. Ісімді айтқаннан-ақ жылы жүзді жетекші «жөндеуге келетін іс», – деді.
Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың да қажеті болмай қалды. Іс оңынан шешілді. Мен секілді электронды дипломыңыз дұрыс болмаса, жоғары оқу орнына барып, мәселеңізді шешіп алыңыз. Біз тек жолын көрсеттік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА