Аймақ

Мерейі тасыған Меркі

The final spritzer

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың айтуынша, өнеркәсіп саласында осы жылдың бірінші жарты жылдығында 4762,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 119,5 пайызға жоғарылаған. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 63,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 85,6 пайызды құрады.

Ал өңдеу өнеркәсібінде 4069 миллион теңгенің өнімі өндіріліп отыр. Бұл салада нақты көлем 115 пайызға жетіп, тұрақты өсім байқалды.

50 жаңа техника алу жоспарланған

Биыл ауданда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ілгерілеуге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жалпы 89160 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 133 гектарға артты. Жалпы алғанда күздік бидай – 29 137, арпа – 24 988, жоңышқа – 24 250,7, мақсары – 1 583,4, жүгері – 480,3, көкөніс – 721,3, бақша өнімдері – 171,7, қант қызылшасы – 3 523, картоп – 172,9 гектарға орналастырылды, – дейді Ербол Жиенқұлов.

Сондай-ақ, ауданда ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да атқарылған жұмыстар баршылық. Атап айтсақ, 2023 жылы 158 техника алынып, жаңару көрсеткіші 13,5 пайызды құраса, 2024 жылы 176 техника сатып алынып, жаңару деңгейі 15 пайызға жеткен. Ал, биыл 50 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланса, қазіргі таңда оның 23-і алынып, жоспардың 46 пайызы орындалыпты.

Ендігі кезекте ауданның алдында тұрған міндет ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізу. Жалпы су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өткен жылға арналған жоспарында 1690 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу көзделсе, былтыр 705 гектарға су жеткізіліп, жоспар 41,7 пайызға орындалған.

Ал биыл 1733 гектарға заманауи су үнемдеу әдістерін енгізу жоспарланып, ол толық орындалып отыр.

Биыл 163 тонна қой еті экспортталды

Облыстағы элиталы тұқым шаруашылығы Меркі ауданының Сұрат ауылдық округінде орналасқан. Жоғары сұрыпты тұқым шығарумен «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып келеді. Өткен жылы серіктестік 271 гектар алқапқа арпаның «Арна» сортын және 786 гектарға күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортын сепкен болатын. Аталған алқаптардан жоғары сапалы тұқым өнімі алынды.

Атап айтқанда, арпаның «Арна» сортынан 30 тонна супер элиталы, 250 тонна элиталы және 150 тонна бірінші репродукциялы тұқым өндірілген. Ал, күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортынан 30 тонна супер элиталы, 300 тонна элиталы және 900 тонна бірінші репродукциялы тұқым алыныпты. Биыл серіктестікте тұқым шаруашылығы бағыты бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.

Биыл арпаның «Арна» сорты 246, күздік бидайдың «Стекловидный-24» сорты 643 гектар алқапқа орналастырылған. Бөлшек сауда айналымы да ауданда жақсара түскен. Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бері ауданда бөлшек сауда айналымының көлемі 5695,4 миллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,1 пайызды құрап, сауда саласында тұрақты өсім бар екенін көрсеткен. Сол сияқты ауданда мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады.

Жыл басынан бері мүйізді ірі қара 40 671, ұсақ мал – 265263 басқа, жылқы – 18573 басқа жетсе, үй құстары – 40 898 басты құраған. Оның ішінде, асыл тұқымды мүйізді ірі қара 6747 басқа жетіп, жалпы мүйізді ірі қара үлесінің 16,6 пайызын құрап отыр.

Асыл тұқымды ұсақ мал саны 39957 басқа жетіп, жалпы ұсақ малдың 15,2 пайызын құраса, асыл тұқымды жылқы саны 256 басқа жеткен. Мал басының өсімі ет-сүт өнімінің артуына сеп болған. Атап айтсақ, биыл 2033,2 тонна ет өндірілсе, сүт өндірісі 5204,4 тоннаны құраған. Ауданнан шетелге ет экспорты да жүзеге асырылуда.

«Меркі-ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылдың бірінші жарты жылдығында Иран, Кувейт, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне 163 тонна қой етін экспорттаған. Ал, сүт өнімдерін өңдеу бойынша, ауданда 1 ірі кәсіпорын және 16 шағын ірімшік цехы жұмыс істеуде.

«Меркі ірімшік зауыты» бүгінге дейін 1 215,9 тонна сүт қабылдап, терең өңдеуден өткізсе, шағын цехтар 1500 тонна сүт өңделген.

18 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып келеді. Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың айтуынша жыл басынан бүгінге дейін салынған инвестиция 6 миллиард 994,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9 пайыз құраған. «Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім бар екенін білдіреді. 2024 жылдың осы мерзімінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5697 миллион теңге болған еді.

Аталған инвестиция көлемінің құрылымына тоқталсақ, биыл бюджеттік қаражат есебінен – 745,4 миллион теңге инвестиция салынса, жеке және қарыз қаражаты есебінен – 6 миллиард 249,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 6394,2 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 208,2 пайызды көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсімді білдіреді.

Атап айтқанда, өткен жылдың осы мерзімінде құрылыс жұмыстарының көлемі 3031,5 миллион теңге болған Сонымен қатар 2025 жылдың алғашқы төрт айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 14300 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,7 пайызды құрап отыр.

Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтарға арналған 108 пәтерді беру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 60 пәтердің құрылысын аяқтау жоспарлануда», – дейді аудан басшысы.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Жалпы ауданда көлемі 1,6 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба бойынша несие алуға ниет білдірілген. Меркі ауданынан 840,7 миллион теңгеге бағаланған 104 жоба толық құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда қаржыландыруды күтуде. Аудан әкімінің сөзінше, 2025 жылға аудан бойынша 72 жоба өткізу межесі бекітілген.

Бүгінгі күнге дейін 409,4 миллион теңгеге бағаланған 51 жоба қаржыландырылып, іске асырылуда. Қаржыландырылған жобалар қатарында демалыс кешені, кондитерлік цех, саңырауқұлақ өсіру, техникалық қызмет көрсету орталығы (ТЖО), робототехника кабинеті және басқа да бағыттар қамтылған.

Шаңғы тебу курортының құрылысы басталмақ

Меркі ауданының басты ерекшеліктерінің бірі – туризм. Осы саланы дамыту мақсатында, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Меркі тау шатқалында орналасқан «Меркі радон» шипажайының таза ауыз су жүйесін жаңарту мақсатында «Бизнесті қолдау жол картасы» бағдарламасы аясында 63,2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылған.

Көп жылдан бері айтылып жүрген көпір мәселесі шешілмек

Бұдан бөлек, аудан көлемінде биыл әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі салаларын қамтитын 57 жоба жүзеге асыру көзделген. Бұл мақсатқа жалпы 4 миллиард 529 миллион теңге бөлінген. Аудан басшысының айтуынша, бүгінгі күні Гранитогорск ауылындағы мектеп-интернатқа жапсарлас 75 орындық асхана құрылысы басталған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша екі маңызды жобаға 88,6 миллион теңге бөлініп, аудандық ауруханаға қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту және КТ аппаратын орнату жоспарланған. Т.Рысқұлов, Қостоған және Беларық ауылдық клубтарын ағымдағы жөндеуге 22,1 миллион теңге қаралған.

Жол жөндеу мен абаттандыру бойынша да ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бар. Соның бірі – аудан тұрғындарының көп жылдан бері сұрап келген Ойтал ауылы, Меркі бекетіндегі темір жолға жаяу жүргіншілер көпірі биыл шешім таппақ. Көпір құрылысына 496,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, ғимарат сатып алу және жөндеу бойынша 4 жобаға қажетті 743,7 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде аудандық полиция ғимараты, Кеңес ауылдық округі әкімшілігі, көпқабатты тұрғын үй және мұрағат ғимараттары бар.

Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй сатып алуға – 411,7 миллион теңге қаралған. Ал абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары аясында 16 жоба қамтылып, 602,7 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда екен.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Меркі ауданы