Жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Өткен оқу жылында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінен енші алып, бөлініп шыққан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Бұған дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кәсіподақ комитетіне қараған аталған оқу орнының қызметкерлері ұйымдаса келе университетте өз кәсіподақ ұйымын құруды жөн көріп, бас қосты.
Оқу ордасының мәжіліс залында өткен жиынға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі орталық комитетінің маманы Айдарбек Бектабанов, Салалық кәсіподақ Орталық комитетінің бас маманы Есбол Мұханбетқалиев және Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков қатысты.
Университет қызметкерлерімен болған жиынды жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Сәбенұлы:
Ұсыныс университет қызметкерлері тарапынан қолдау тауып, жиын өз тәртібімен талапқа сай жүргізілді. Келелі басқосуда сөз алған орталық комитетінің маманы Айдарбек Бектабанов мекемеге бастауыш кәсіподақ ұйымының не үшін керек екендігіне тоқталып, түсіндіріп өтті.
Сөйтіп олардың республикамыздағы ұлттық статусқа ие университеттер сияқты орталық комитетке тікелей қарауына немесе өңірлік кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалу таңдауына ие екендерін ескертті. Жиын тізгінін қолына алған Ерұлан Сәбенұлы күн тәртібімен таныстырып, басқосудың тиісті талаптарын шегелеп, нақтылап алды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын сайламас бұрын, алдымен комиссия құрамын анықтап алу керек болды. Залдан түскен ұсыныстар негізінде 15 үміткер комиссия құрамына ұсынылды. Үш адам өз еркімен бас тартты. Қалғаны дауысқа салынып, ашық сайлау нәтижесінде 9 адам таңдап алынды. Осы тоғыз адамның ішінен 4 адам бастауыш кәсіподақ төрағалығына ұсынылды. Мұнда да 2 адам бас тартты. Дауысқа екі адам түсті. Сөйтіп басым дауысқа ие болған университет оқытушысы Мұхтар Юсупов төраға болып сайланды.
Сондай-ақ бақылау тексеру комиссиясының құрамы бекітілді. Осыдан кейін университет қызметкерлері алдында бір таңдау тұрған еді. Ол – республикалық орталық комитетке тікелей қарауына немесе өңірлік кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалу таңдауы. Мұнда да ұжым мүшелері өз көзқарастарын ортаға сала отырып, өңірлік кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалуды жөн көріп, дауыс берді. Сөйтіп жергілікті салалық кәсіподақ ұйымы тағы бір айтулы, ұлттық университет мәртебесіне ие бастауыш кәсіподақ ұйымымен толықты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы