Бағытынан айнымаған басылым

Т. Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, «Aulieata-Media» холдингінің бас директоры Данияр Асқарұлы, «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналистер мен жамбылдық қаламгерлер қатысты. Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил аудандық газеттің мерейтойына арналған құттықтау сөзін айтып, ізгі тілегін жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман ғасырға жуық тарихы бар басылымның аудан өмірінде айшықты орны бар екенін атап өтіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. Бұдан кейін «Aulieata-Media» холдингінің бас директоры Данияр Асқарұлы газет ұжымына толағай табыс тілеп, арнайы әкелген кәдесыйын табыстады. Салтанатты жиында «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай мен облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, ардагер журналистер Москау Нохрабеков, Сейсен Қожеке және Тұрсынхан Жаманбаев сөз алып, соғыс жылдарында жарық көрген газеттің тарихынан сыр шертіп, естеліктерін айтты.
Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил бірқатар азаматқа Алғыс хат табыс етті. Жиын соңы концерттік бағдарламамен түйінделді. Айта кетейік, бұл күні «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған дартс, асық ату, дойбы секілді спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.
Мерей МӘЛІК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.