Деннің саулығы тіс күтімінен басталады
«Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Біле білсек, денсаулық басымыздағы – алтын тәжі. Денің сау болмаса, өмірдегі байлық та, мансап та, атақ та керек емес. Бәрінен мақұрым қаласың. Ал денсаулық – ең бірінші тіс күтімінен басталады. Себебі аурудың 90 пайызы ауыз қуысындағы ақаулардан зардап шегеді.
Бала күнімізде «Тіс ауырса, іш ауырса, апам дәрі береді» деп тақылдап өлеңдетуші едік. Бүгінгі дамыған заманда тіс ауырса тек дәрі ішіп қана қою көмектеспейді. Әуелі тістің не себепті ауырғанын білу әрі іріңдеген тісті жұлдыру үшін тіс дәрігеріне бару – маңызды. Елімізде кішкентай бүлдіршіндер мен кәмелеттік жасқа толмағандарға, жүкті әйелдерге тісті емдету тегін. Әрбір ата-ана ақылы медицинаға жүгіне ме, әлде тегін көріне ме өз еркі. Қазіргі заманда бұрынғыдай дәрі ішіп, не тұз басып, тіс ауырса таңды атырмайсыз. Не көп, тіс емдейтін клиника көп. Тек ең жақсысын, сапалысын таңдасаңыз жеткілікті. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде деген рас. Бірде тісім салқын тисе де, ыстық тисе де қақсап ауырғанда басым ауырып, мазамды алды.
«Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тісті ауыртпай емдейтін әрі бағасы да қарапайым халыққа қолжетімді «Merkuri dent» деп аталатын тіс емханасы бар» деген соң, сонда емделуге бардым. Меркури есімді дәрігердің қолы жеңіл, тісті жақсы емдейді деген соң тікелей сонда тарттым. Содан не керек, «Merkuri dent» дәрігерлік емханасына кезекке тұрдым. Кезекте тұрған үлкенді-кішілі адамдардан «Меркури дәрігер қалай емдейді?», – деп сұрағанымда, «Алтын қолды стаматолог, тісіңді ауыртпай жұлады, емдейтін болса емдейді. Тіпті тіс протезін де салып береді, бесаспап, өз мамандығын жақсы меңгерген, біз Тараздан да, Алматыдан да арнайы іздеп келеміз», – деп ризашылықпен әңгімелерін айтты.
«Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Айтса айтқандай екен. Кезегім келіп, ішке кіргенімде жылы шырайлы, сөзі адам жүрегіне майда тиетіндей, жүзінен шуақ шашып амандасқанда тісімнің ауырған жері бір сәтке басылғандай болды. Іштей ризашылығымды білдіріп, тісімнің ауырғанын айттым. Тісімді көргеннен кейін емдеуге келмейді, жұлу қажеттілігін ескертті. Мен өзіңіз біліңіз деп сеніммен отырдым. Залалсыздандырғаннан кейін тісімнің қалай жұлып алғанын сезбей де қалдым. Сосын сұрақтарымды қойып, өзара әңгімеге тарттым.
Клиниканың негізін қалаушы Асланби Акилов көп жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан нағыз майталман маман. Ұлы Меркури де он жылдан бері тісті емдейді және протез салады. Ағасы Бибердт пен қарындасы Назерке де тіс дәрігерлері.
Дегенмен, Таразда жалақы мөлшері аз болғандықтан бір тісті емдетудің өзіне айлығыңның жартысы кетеді деген сөз. Көпшілік қауым жаны шырқырап ауырғанда баратыны да сондықтан. Алдын ала емдетейін десе аз айлығын азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге, балаларына жұмсайды. Ал тіс емдетудің бағасы шынымен де Қазақстан бойынша шарықтап тұр.
Мемлекеттік сақтандыру жарнасынан да қайыр жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі стоматологиялық қызмет баршаға бірдей қолжетімді емес. Оны халықтың белгілі бір әлеуметтік осал топтары ғана ала алады. Әлеуметтік осал топқа балалар мен екіқабат әйелдер жатады.
Сондай-ақ олар күнделікті стоматологиялық күтім алуға хақылы. Бұдан бөлек тісі қатты ауырған жағдайда азаматтардың он санаты үшін бұл қызмет қолжетімді. Зейнеткерлер, мүгедектер мен оларға күтім жасайтын жұмыссыздар, соның ішінде мүгедек балалар немесе бірінші топтағы мүгедектер, әлеуметтік маңызды және жұқпалы ауруға шалдыққан науқастар, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және тағы да басқалар бар. Ал басқа санатқа ештеңе жоқ. Басқамызға пломба салу, анестезия, тісті жұлу үшін қаражат керек. Әрқайсысына бөлек төлейсіз. Дегенмен, «Merkuri dent» клиникасының бағалары қолжетімді. Арнайы халықтың Тараздан осы стамотологияны іздеп баратыны да сондықтан.
Бастысы, сапалы ем көрсетеді. Майра Төлендиева салық басқармасында қызметкер. Кейде тісін емдете алмай жүргеніне ашуланады.
Тіс ауырса бүгінде апамның не атамның халық емі көмектеспейді. Көмектессе де уақытша ғана. Арты созылмалы ауруға апармас үшін ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын жасау әлдеқайда тиімді. Енді тісім ауырмасын десеңіз, оны күтіп, дәрігерге көрініп, алдын ала кеңес алып тұрған абзал.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.