Халықты таза ауыз сумен қамту биыл толық шешімін таппақ
Байзақ ауданының негізгі әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 133,6, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 107,1, өнеркәсіп өнімінің көлемі 102,2, негізгі капиталға тартылған инвестиция 536,1, ал ауыл шаруашылығы саласында өсім 116,6 пайызды құраған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында аудан әкімі Олжас Баққараев осылай деді.
Оның айтуынша, ауданда бірінші тоқсан қорытындысымен инвестиция көлемі 10,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,4 есе ұлғайған. Ал осы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша ауданға 17,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе ұлғаяды деп күтілуде.
Жалпы, мұнда шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Бүгінгі күні ауданда 9 746-ы кәсіпкерлік нысан тіркелсе, оның 8 933-і жұмыс істеп тұр. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өткен жылы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 3,2 миллиард теңгені құрайтын 172 жоба қаржыландырылған. Ауыл шаруашылығы саласында осы жылдың бірінші тоқсанында 9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, жарты жылдықтың қорытындысымен ол 18,7 миллиард теңгеге жетеді деген болжам бар.
Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 54 441 гектар алқапқа орналастырылған болса, биыл 56 500 гектарға жеткізілген. Ал бірінші тоқсанның қорытындысымен ауданда 7,9 мың тонна ет, 4,7 мың тонна сүт және 1,1 миллион дана жұмыртқа өндіріліпті. Аудан тіркелген ауыл шаруашылығы техникасының саны 1 119-ды құраған.
Мұның көктемгі дала жұмыстарына қатысқаны 858 техника. Оның 514-і трактор, 206-сы соқа, 68-і қопсытқыш, 58-і дән сепкіш, 6-ы тұқым дәрілегіш. Биыл 15 шаруашылық жалпы құны – 658,6 миллион теңгені құрайтын 21 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
Бұдан бөлек егіс алқаптарына су үнемдеу технологиясын орналастыру қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы су үнемдеу технологиясы 7 302 гектарға енгізілсе, биыл 1 230 гектар алқап тамшылатып, 250 гектар жаңбырлатып ылғалдандырылуда. «Кең дала» бағдарламасы аясында 8 шаруашылыққа 669,6 миллион теңге берілген. Сондай-ақ 4 шаруа қожалықтың 226,9 миллион теңгеге берген өтінімдері қаралуда.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ауданда бірқатар шаралар атқарылуда. Нақтылай түссек, 40 елді мекеннің 38-і таза ауыз сумен қамтылған. Биыл 3 елді мекенде атап айтқанда, Төрткөл, Жаңасаз және Қосақ ауылдарындағы М.Мәметова көшесін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда халықты ауыз сумен қамту толық шешімін таппақ. Ал аудан халқы көгілдір отынмен толық қамтылған. Жол мәселесі қашанда өзекті.
Аудандық мәндегі жол ұзындығы 139 шақырымды құрайды. 397,6 шақырымды құрайтын 407 елді мекен көше жолы бар. Аудан бойынша аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 98, елді мекен көшелері 93 пайызды құрап отыр. «ҚР көлік логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес, Сарыкемер-Мырзатай бағытындағы ұзындығы 8,9 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарына 303,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 38,4 шақырымды құрайтын 11 жоба 7 елді мекенді қамтып 45 көшеге орта жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Нәтижесінде, аудан бойынша аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 99 елді мекен көшелері – 95 пайызды құрайтын болады.
Алмат АБИРОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.