Үшбұлақ көлінің қызығын көпшілік емес, көлбақалар көріп жатыр

Қаламызға сән беріп тұрған Жеңіс саябағы маңындағы «Үшбұлақ» жағалауының биылғы жағдайы қиындау... Көлдің бетін балдырлар қаптап, түсі өзгеріп, жағымсыз иіс шыға бастаған. Көлбақалар көбейіп, жағалаудың көркі қашты.
Жағалау Д.Қонаев көшесінен Зербұлақ көліне дейін жалғасады. Жаяу жүргіншілер жолы да бар. Су ортасында диаметрі 19 метр болатын «Жасанды арал» (пирс) салынған. Аралда қазақы жылнамадағы жыл басы болуға таласқан жануарлардың мүсіндері орналасқан. Жасанды арал көпір арқылы жаяу жүргіншілер жолына қосылған. Жағалаудың сол жақ қанаты мәрмәр түйіршіктерінен жасалған ою-өрнектермен безендірілген. Ұзындығы 60 метр болатын аспалы көпір де күрделі жөндеуден өтіп, түнгі жарықтандырумен қамтылған.
Сондай-ақ мұнда заманауи «Street workout» спорт алаңшасы мен әткеншек орналасқан. Ұзындығы 450 метрді құрайтын веложол да бар. «Үшбұлақ» жағалауы бойында 3 пандус, 40 орындық пен қоқыс жәшіктері қойылған. Жаяу жүргіншілер жолына 4 мың шаршы метр өрнектас төселген. Жағалауға келушілерге барлық жағдай жасалған.
Күн батқанда қосылып, таң атқанда өшетін жарықтандыру бағандары мен бір мың шаршы метрлік көлік тұрағы салынған. Иә, бүгінде жағалаудың сиқы қашқан. Отыратын орындықтар сынып, мәрмәр түйіршіктерден жасалған шеттері қашалған, қоқыс жәшіктері тіпті қалмаған десе де болады. Ұзындығы 850 шаршы метрлік «Үшбұлақ» жағалауы – халықтың сүйікті орнына айналғалы төрт жылдан асыпты.
2021 жылы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай пайдалануға берілген мекен бүгінде тозуға айналды. Аққулар жүзіп, айнадай жарқырап жататын көлдің биылғы жағдайын көріп жылағың келеді. Сасық иіс кеш батқанда бүкіл қалаға тарайды. Кезінде «Таразға тарту» жобасының аясында салынған нысан «Казфосфат» серіктестігінің демеушілігімен жүзеге асқан болатын. Т
амаша ертегідегі кейіпке айналған мекенді тараздықтар ерекше жақсы көреді. Жағалаудың маңында серуендеуді халық әдетке айналдырған. Алайда редакциямызға хабарласқан қала тұрғындары көлдің жағдайын айтып алаңдаулы.
Өзім де сол маңда тұратындықтан жағалау маңын шарлап шықтым. Расымен өте лас. Иіс қолқаны кеуіп тұр. Судың бетіне шыққан балдырлар ап-анық көрінеді. Осы жағдайдан соң қалалық әкімдікпен байланысып, «Үшбұлақ» көліне кімдер жауапты екенін сұрастырдық. Сөйтсек, көлдің тазалығына «Жасыл Тараз» мекемесі жауапты екен.
Жағалауда жүрген аққулардың жем шөбі, бабына да осы мекеме жауапты. Құжат бойынша мұнда үш ірі аққу тіркелген. Былтыр 4, биыл 5 балапан шығарыпты. Олардың үйшігінің тазалығы, саулығы, жеміне де жасыл тараздықтар жауапты. Айта кетейік, 2021 жылы бөгет жаңартылып, су айдыны 60 метрге дейін кеңейген.
Демалушылар үшін 5 аққу, 4 үйрек және ақ амур, карп балықтары жіберілген. Үшбұлақ көлі «Зербұлақ» көлінің жалғасы. Яғни, қолдан жасалынған, ағысы баяу су. Мұнда су Қырғызстаннан келетін өзеннен жіберіледі. Биылғы жылға су ағысы өте жай болып тұр. Сол себепті балдырлар қаптап кеткен. Енді ғана екі аптаның көлемінде су ағысы күшейіп, арнасына құйылып кеп жатыр.
Талайды тамсандырған Үшбұлақ көлінің ахуалы тілшілер осы мәселені көтергеннен кейін қолға алына бастады. Бірақ жыл сайын көлдің ластануына жол бермейтін бір амал қарастырған жөн сияқты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА