Әке жолын жалғаған ұл

Қазақта «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Жаратқаннан ізін жалғастырар перзент сұраған ата-ананың барша үмітін аясына сыйдырған сөз құдіретіне қалайша тәнтілік танытпассың?! Ақ ниеттері қабыл болып, соңынан ерген тұяғы армандарын жүзеге асырса, ата-анаға одан асқан бақыт кездесер ме? Дәл осындай игі істің әке алдында да, артында қалған ұрпақ пен ұлт алдында да мерейі өсіп, биік белестерді бағындыратыны анық.
Бүгінгі кейіпкеріміз, кіші сержант Алтынбек Аманғалиев бала күнінен әскери киім киген, ел қорғаны болған әкесіне қарап бой түзеген. Қазіргі таңда ол әскери бөлімде тәртіп пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп, нағыз сарбаз ретінде қалыптасып келеді.
Ұлының бұл таңдауы – 25 жылға жуық өмірін Ұлттық ұланға арнаған Рүстембек Бекмурзин үшін де зор мақтаныш.
Сөз жоқ, мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп жолында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен ерлікке толы міндет. Осындай ауыр жүкті арқалап жүрген әскери әкелердің өнегелі жолын жалғаған ұлдардың қатары артқаны – қуантарлық жайт. Себебі олар – отансүйгіштіктің, тәртіп пен тектіліктің нақты көрінісі. Әлбетте, қоғамда әке жолын қуып, әскери салада абыроймен қызмет етіп жүрген жастар аз емес. Бұл – ұлтқа қорған, елге тірек болар азаматтардың өсіп келе жатқанын білдіреді. Ал Отанға қызмет ету – ұрпаққа үлгі болар биік борыш.
Есен ӨТЕУЛІ.