Әскери техниканың шебер маманы
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кәсіптік білім беру саласына реформа жасалып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, кәсіби маман болу ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Маңызды міндетті іске асыруға әскери қызметшілер де белсенді атсалысып келеді. Шын мәнінде, әскерилердің озық техникаларды шебер меңгеруі мен өз біліктіліктерін арттыруы – ел тұрақтылығының негізі.
Жалпы, қазіргі заманғы әскери күштердің тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі – әскери техникалық мамандықтар. Бұл мамандықтарды игеру тек кәсіби дамуға ғана емес, сонымен қатар елдің қорғаныс қабілетін арттыруға да ықпал етеді. Әскер сапында жүрген азаматтар әскери техникалық білім алу арқылы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз үлестерін қосуға мүмкіндікке ие болады. Сондай білікті мамандардың бірі – 32388 әскери бөлімінің аппаратура жөндеу маманы сержант Бекжан Бекбосынов.
Колледж қабырғасында техник-механик мамандығында білім алған ол 2012 жылдан аталған әскери бөлімде қызмет етіп келеді. Әскери қызметші соңғы бірнеше жылдан бері техникалардың маңызды агрегаты саналатын жоғарғы қысымдағы жанармай насосын яғни, аппаратураны жөндейді. Жөндеу жұмыстарын өңірлік қолбасшылық деңгейінде жүргізетін ол бұған дейін танк жөндеу зауытында білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдаған. Оның айтуынша, аппаратураны жөндеуде өзіндік ерекшеліктері бар.
Иә, кәсіби біліктілігі жоғары маман қай кезде де сұранысқа ие. Әсіресе, бүгінгідей инновациялық-индустриялық даму бағытын ұстанған еліміз үшін техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар аса қажет. Бұл – уақыт талабы. Әскери бөлімнің автомобиль техникаларын жөндеу ротасының рота командирі аға лейтенант Ахан Жүнісалиевтің сөзінше, әскери бөлімдегі әскери техникалық мамандардың кәсіби деңгейінің жоғары болуы үшін барлық қолайлы жағдай жасалған.
Айта кетейік, жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру мақсатында өткізілетін дайындықтың бірі – әскерилерді мамандық бойынша оқыту. Бұл маңызды шара да бүгінгі күні басты назарда. Аталмыш кезеңде әскери қызметшілер мамандық бойынша алған білімдерін тағы бір мәрте шыңдап, пысықтай түспек.
Қорыта айтқанда, әскери техникалық мамандықтар – бұл әскери салада қызмет ететін, техникалық білім мен дағдыларды талап ететін мамандықтар. Бұл мамандықтар әскери күштердің тиімділігін арттыру, заманауи әскери техниканы пайдалану және оны жөндеу, сондай-ақ әскери операцияларды жоспарлау мен жүзеге асыру үшін аса қажет.
Есен ӨТЕУЛІ