3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы елімізде 3 мыңнан астам ауылды интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасасты.
Осынау мәміленің арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру жоспардан бір жыл ерте – 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмек. Осылайша, жоба 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99 пайызын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Енді таяу арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық кіру нүктелері мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеттері желіге қол жеткізе алады.
Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық және жерсеріктік арналар арқылы желіге қосады. Сондай-ақ ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаға құйылған бюджеттен тыс инвестициялардың жалпы көлемі 239 миллиард теңгеден асады. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында іске асқан. Осыған сәйкес енді өз елді мекеніңіздің интернетке қосылу техникалық мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексеруге болады.
Ал облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантұровтың сөзінше, 2023– 2025 жылдары облыс орталықтарында 5G/ IMT бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу жоспары бойынша «Мобайл Телеком Сервис» серіктестігі (Теле2) Тараз қаласында 53 базалық станция орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда аталған серіктестік Тараз қаласында 5G технологиясын дамыту бойынша 32 базалық станцияны іске қосып, жыл соңына дейін 21 базалық станцияны орнату бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізуде.
Нұрболат АМАНБЕК