Темір жол қашан жөндеуден өтеді?
Еліміздің бас қаласы Астанаға билет алмақ болып, темір жол вокзалына бардым. Жылдағы әдет қой. Мамырдан бастап жаз айларына билет жоқ. Вокзалға келмегеніме біраз болғандықтан, ішін аралап шықтым. Өзгерген ештеңе жоқ. Дәретхана өте ескі. Санитарлық жағдайына тіпті көңіл толмайды. Елге қыдырып келген туристерден ұят ақ. Едені де сықырлап тұр. Тоғыз жолдың торабы ғой, келімді-кетімді кісі көп. Темір жол вокзалы қаламызды айғақтап тұрған басты нысан.
Жоспар бойынша 2029 жылға дейін теміржол желілерінің 11 мың шақырымы жөнделеді. Биыл 1,48 мың километр жолды қалыпқа келтіру жоспарланған. Көлік министрлігінің мәліметінше, елде 125 вокзал жөндеуді қажет етеді. Соның ішінде Тараз темір жол вокзалы да бар. Тек қаламыздағы вокзал ғана емес, Шу, Боранды және Отар стансалары да жөндеуден өтпек. Едені ескі, әжетханасы мен асханасы көнерген вокзал негізі 2021 жылы қайта жаңғырту жұмыстарынан өткен. Темір жол саласындағы үнемі орын алатын билет тапшылығы, қызмет түрінің толассыз қымбаттауы, ескі вагондар, кестенің бұзылуы және ол үшін өтемақы алу жүйесінің жолға қойылмауы сынды көпшілікке мәлім жауыр болған тақырыптар әлі күнге дейін бар.
Тараз темір жол станциясы 1986 жылы салынған. Мұнда соңғы рет жөндеу жұмыстары 2013 жылы және 2021 жылы жүргізілген. Алайда сыртқы қасбеті, шатыры, сыртқы дизайны, аллея жасалынып, ішкі жұмыстары жасалынбаған. Олардың ішінде 21 вокзал танымал туристік бағыттарда орналасқан. Сондай-ақ биыл жазда пойыздарда 1 миллионға жуық қосымша орын ұйымдастырылмақ. Яғни, 7 миллионнан астам жолаушыны тасымалдау жоспарланған. Өйткені бұл жолы 12 жаңа бағыт ашылып, теміржол қызметінің қолжетімділігі артады.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, көлік министрлігі жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, күрделі жөндеуге жататын теміржол вокзалдарының тізбесін жасаған. Бұл тізімге облыстағы бес теміржол вокзалы кіреді.
Атап айтқанда, Тараз вокзалы, Шу, Боранды және Отар станциялары. Станцияларды күрделі жөндеуге қаражат республикалық бюджеттен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы бөлінеді. Станциялардың теңгерім ұстаушысы – «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» акционерлік қоғамы. Іргелес аумақтарды жөндеу әрі абаттандыру жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жұмыс жартылай басталып, арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылуда. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Осыдан соң Шу станциясының жөнделу барысы туралы сұрастырдым. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков станцияның жай-күйі мен қазіргі жайы туралы айтып берді.
Жалпы темір жол саласында айтылып жатқан мәселелер өте көп. Соның бірі мамыр айында хабар тарату жүйесінің бұзылуына байланысты. Диспетчерлердің далаға шығып өз ауыздарымен хабарландыру жасап жүргенін көрген қала тұрғындары редакциямызға да хабарласты. Пойыздардың келу-кету кестесін дыбыс күшейткіш құрал арқылы хабарлағандығы туралы әлеуметтік желілерде де желдей есті.
Уақытша жөндеу, профилактикалық жұмыстар жүріп жатқан болар дедім де қойдым. 1 мамыр күні Астанаға билет алмақ болып барғанымда мұны өз көзіммен көрдім. Қоғам жасанды интеллектінің бар игілігін көріп, цифрландыру, автоматтандыру, жаңа технологиялар еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі барлық буынның өміріне дендеп кіріп кеткен уақытта, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінен өтіп жатқан тұста мемлекеттің ішіндегі кіші мемлекет саналатын «Қазақстан темір жолы» сынды алпауыт ұлттық компанияның хабарлама жасау жүйесін ұстап тұруға қаржысы жоқ дегенге сенер-сенбесімді білмедім.
Купеде Таразға той-құдалыққа келіп Бурабай өңіріне сән-салтанатымен қайтып бара жатқан құдалар:
Еске салсақ, сәуір-мамыр айларында Тараз темір жол вокзалындағы хабар тарату жүйесі бұзылған. «Мамырдың ортасында хабар тарату жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ондай олқылықтар қайта орын алмайды», – дейді Тараз темір жол диспетчерлері.
Бір қуанарлығы, әбден тозған теміржол биыл жөндеуден өтіп, жаңғыратын болды. Тоғыз жолдың торабындағы темір жол халық игілігіне жараса игі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА