Жаңалықтар

Орман қорынан жайылымға жер берген дұрыс па?

Бүгінде елімізде орман саласын дамыту Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан маңызды бағытқа айналып отыр. Аталған бағыттағы өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта саладағы бағыт-бағдар облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында қаралды. Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырған сессия отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, басқарма басшылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне сәйкес жиында аймақ басшысының орынбасары Әбілқайыр Тамабек өңірде орман және жануарлар дүниесін күзетудi, қорғауды, молықтыруды қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, облыстың орман саласындағы өзекті мәселелерінің бірі – қызметтік үй мәселесі. Орман орналастыру материалдарына сәйкес, өңірдің орман қоры аумағында 79 дана қызметтік үй болуы тиіс. Қазіргі таңда тек 40 қызметтік үй болса, барлығының тозығы жеткен, күрделі жөндеуді талап етеді. Осы күнге дейін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбегендіктен, бүгінде қосымша 39 жаңа қызметтік үй қажеттігі туындап отыр.

Қызметтік үйлердің жетіспеуі және жағдайының нашар болуы жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындауға мүмкіндік бермейтіндігін атап өткен Әбілқайыр Ғалымұлы орман қорын пайдалану мен оны молайту, өрт қаупі маусымына дайындық шаралары туралы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ сессия отырысында депутаттар аталған салаға зерделеу жұмыстары кезеңінде туындаған мәселелерді ортаға салды.

Бұл бойынша жиында облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков баян етті. Халық қалаулысының айтуынша, облыстың орман шаруашылығында мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану, ағаш отырғызу есебінің сәйкессіздігі секілді өзекті мәселелер анықталған.

Сонымен қатар сессия отырысында бірқатар депутаттар аталған мәселеге қатысты сауалдарын қойды. Мәселен, депутат Ерұлан Мағзұмбеков қызметтік үйлерге қатысты мәселе қалай реттелетіндігі жөнінде сауал жолдаса, Оралхан Дәуіт балық шаруашылығы субьектілерін субсидиялау мәселесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша, Бақытжан Қалымбетов қызметкерлерде техника жетіспеушілігіне байланысты азаматтармен келісімшартқа отыру мүмкіндігін қарастыру секілді мәселелерді ортаға салды.

Сондай-ақ депутат Нұржан Адилов кеңестік кезеңде орман шаруашылығы мекемелері теңгеріміне өткен жерлерді жайылымдық мақсатта пайдалану жөнінде ұсыныс білдірді. Оның сөзінше, орман шаруашылығындағы жерлердің шамадан тыс көп болуына байланысты техникалық жабдықтау мәселесі туындап отырған көрінеді. Сондықтан ол ұсыныс жауапты министрлік тарапынан қолдау тапқан жағдайда облыстағы мал жайылымы мәселесі реттелетіндігін жеткізді. Сол себепті аталған ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары министрлік қарауына жіберуге бірауыздан қолданды.

Сессия отырысында бұдан бөлек бірқатар депутаттардың ұсыныс пікірлері тыңдалып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты шешімдер қабылдады. Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев көтерілген мәселелер ұдайы депутаттар бақылауында екендігін тілге тиек етіп, жергілікті атқару органдармен бірлескен жұмыстың жалғаса беретіндігін жеткізді.

 

Нұрболат АМАНБЕК