Аймақ

Қарыз ал да кәсіп қыл

The final spritzer

Өз ісін бастаған я болмаса кәнігі кәсіпкер болсын ол үшін мемлекеттің қолдауы маңызды. Түрлі жеңілдетілген несиелер олар үшін ауадай қажет. Өңіріміздегі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының осы орайда кәсіпкерлерге көмегі орасан. Жалпы, бұл қор немен айналысады? Бизнесмендерге қалай қол ұшын созады? Біз анықтап көрдік.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры акционерлік қоғамы 1997 жылы өз ісін бастады. Филиалдары Қазақстанның барлық аумақтарында жұмыс істейді. Қордың басты миссиясы – шағын және орта бизнесті дамыту. Ақпан айынан бастап қор отандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарлама экономиканы қаржыландырудың балама жолы ретінде қор нарығын дамытуды көздейді.

Кешенді қолдау шаралары кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрыңғы бағдарламаларды жетілдірді». «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік», «Қор биржасы» атты алты бағыт бойынша қолдау көрсетеді.

Бағдарлама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Жоба бойынша алғашқы 3 жыл кәсіпкер несиесін 8 пайызбен, төртінші жылдан бастап 9 пайызбен, бесінші жылдан бастап 10 пайызбен төлейді.

Ал «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік» төртінші бағыты бойынша кәсіпкерге сыйақы мөлшерлемесі жылына 7-10 пайызды құрайды. Кепілдік сомасы несие сомасының 85 пайызына дейін 360 миллион теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 50 пайызға дейін, 1,5 миллиард теңгеге дейін алуға болады. Енді жаңа бағдарлама бойынша өз кәсібін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлерге тоқталайық. Жеке кәсіпкер Юлия Цой 2001 жылдан бері өз ісін дөңгелетіп келеді. Ол «Coffe-Coffee» балалар ойын-сауық кешенін ашып, халыққа қызмет көрсетуді бастаған.

Ғимаратта үлкен кең зал, жазғы терраса мен мейрамхана, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған үлкен ойын алаңы, 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған шағын ойын алаңы, VIP-кабиналар бар. Онда ата-аналар балаларының туған күндерін немесе кез келген мерекені тойлай алады. Юлия Цой 2023 жылы 8 жастан асқан балалар үшін компьютерлік клуб ашуды шешті. Себебі ересек балалардың ойын алаңында ойнауға қызығушылығы бола бермейді. Осы мақсатта Юлия Дмитриевна «Жамбыл облысы бойынша Даму» қорының аймақтық филиалынан толық кеңес алып, «ForteBank» АҚ-ға несие алу үшін жүгінген.

Несиенің пайызын «Даму» қоры «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялады. Осылайша, Юлия 2023 жылы компьютерлер сатып алуға қаражат алды. Енді кішкентай балалар ғана емес, сондай-ақ жасөспірімдер де өздерінің жақындарымен бірге «Coffe-Coffee» кешенінде бос уақытын жақсы өткізе алады.

Тағы бір «Дамудан» өз үлесін алған жамбылдық «VESTRI MEDICUS» медициналық орталығы. Компанияны 2020 жылы сәулелік диагностика саласындағы дәрігер Айнұр Абдурасилова ашқан. Айнұр оны жұбайымен бірге басқарады. Халық тарапынан білікті диагностикаға әрқашан сұраныс жоғары. Әсіресе УДЗ мен әр саланың өз мамандарына қаралғысы келетіндер легі азайған емес.

Сәуір айынан бастап Қазақстанның ең ірі банкі Halyk пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қазақстандық кәсіпкер арулардың бизнесін жеңілдікпен қаржыландыруға бағытталған «Үміт» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 5,5 миллиард теңге бөлді. Жалпы бөлінген қаражаттың 55 пайызы Halyk-қа салынғаны – әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы банктің белсенді қызметіне деген Қордың сенімін көрсетеді. «Үміт» бағдарламасы аясында Қазақстанның іскер әйелдері бір қолға 100 миллион теңгеге дейінгі қаржыны 7 жылға дейінгі мерзімге, 16,5 пайызбен ала алады.

Несие инвестиция мен және айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Қарап отырсақ, «Даму» қорының қолдауы мықты. Енді отандық өнімдердің сапасын арттырып, оны бәсекелестікке теңестіру керек. Мемлекет құйған инвестиция пайдалы істерге жұмсалып, халық игілігі үшін жүзеге асуы қажет.

 

Рузана АЙҒАРАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.