Аймақ

Той көйлектерінен түсетін табыс көп

The final spritzer

Қазір дүрілдеген тойдың уақытысы. Жадыраған жаз айлары мен қоңыр күзде әркім өз әлінше той жасап әлек. Тойлардың ішіндегі ұлығы – қыз ұзату мен кәдімгі үйлену тойы. Ал үйлену тойының сәні – қалыңдық көйлегі. Әрбір қыз баласы ақ фата мен қалыңдық көйлегін киюді армандайды. Ал тойы болмағандар жасы 60-қа келсе де кимедім деп арманда. Еденге дейін төгілген ұзын ақ көйлек қай қалыңдыққа болса да жарасары сөзсіз.

Қаламызда «Айбике» атты той көйлектерін жалға беретін орталық бар. Орталықтың егесі Қарлығаш Есбергенова өмірін журналистикаға арнаған жан. Жазуды, қиялдауды сүйетін қыз он жылдай баспасөз саласында соның ішінде «Aq jol» облыстық газетінің Шудағы тілшісі, кейіннен «Aq jol» газетінің бас кеңсесінде істеді. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғанда өз ісін аяқ астынан бастап кетті. Жас күнінен кәсіпке бір бүйірі бұрып тұратын оның той орталығы болды. Дегенменде Қарлығаш өзін бір мүлде білмейтін кәсіпке арнағысы келеді. Қолында жинап жүрген бір миллион теңгесімен осы той көйлектерін жалға беру кәсібін ашады.

Кәсіпкерлік жол – ауыр жол. Жүйкеге тиеді, жауапкершілік мол. Тәуекелге баруды қажет етеді. Есесіне еркіндік пен ақшаға қол жеткізесің. Ақша демекші, Қарлығаш бір күнде 100 мың не 500 мың табады. Ал айына үш миллион мен 7 миллионның ортасында табады. 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Таза табыс үш миллиондай дейді. Бірінші ашылған жылы көптеген қателіктерге ұрыныпты. Әкеген көйлектерінің кейбірі өтпепті де.

Алайда бұған сынған Қарлығаш болмады. Қарлығаштың көз тартарлық салондарында жалпы 300-ге жуық той көйлектері бар. Көйлектер де ескіреді. Перде секілді сарғыш тартып кетеді екен. Тек той және ұзатуға арналған көйлектер ғана емес, Қарлығаш арнайы салтанатты кештерге арналған көйлектерді де жалға береді. Оның салонында қайталанбайтын ерекше образдар, апта сайын жаңа коллекция. Қала бойынша ең үлкен таңдау бар. Қарлығаш кәсіп жолын әу бастан ақ Шуда журналист болып жүріп те бастаған. Алғашқы миллиондарды сонда жүріп ұстаған. Ал бүгінде кәсіп көзін кеңейтіп, миллиардтар ұстасам деп жүр.

Ол 1990 жылы 11 қазанда Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген. М.Мақатаев атындағы орта мектепті тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтты бітіріп шыққан. Мамандығы – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы. Бір күнде мұғалім болмаған. Оқуды қызыл дипломмен аяқтаған ол той ұйымдастырып, қыз ұзатқан. Қарлығаштың салонынан киім алынса дос қыздың да киімі қоса беріледі екен. Қала бойынша Қарлығаштың салоны №1 орында тұр. Тіпті қыркүйек, қазан айларына да ұзату, той көйлектері броньдалып тұр. Қарлығаштың үйде арнайы бала күтушісі бар. Таңнан кешке дейін кәсіппен айналысатын келіншек кешкі астан соң да өзі той көйлектерінің дизайнын сызып, қағаз бетіне түсіреді.

Қиялынан туған сызбаларды тігіншілерге жібереді. Тіпті көйлектердің матасына , тасына, торына дейін өзі таңдайды екен. Суретті де қатырып салатыны көрініп тұр. Әрбір көйлекті ерекше етіп, салып шығады. Содан соң ғана барып тігіншілер дәл осылай етіп тігіп береді. Басқа киетін тақия, сәукелелерді тіпті өзі де жасай береді екен. Қарлығаш ісмер қыз. Ісмерлік пен тігіншілік анасынан дарыған. Әр тасты моншақтай етіп тізіп, сәукелені безендіру, қалыңдық ұстайтын гүлді тігіп шығу – оның сүйікті жұмысы. Кейбір көйлектердің інжу-маржан тастарын да, қалыңдықтың пішіні мен өлшеміне сәйкес өзі де тіге береді. Кәсіпкер келіншектің ендігі ойы – отандық той көйлектерін тігетін цех ашу.

Яғни өзінің жеке брендімен той және ұзату көйлектерін тігіп, дайындап шықпақ. Көтерме бағада той көйлектерін сату ойында бар. Бір қызығы, той көйлектері салондары арасында бақталастық озып тұр екен. Қарлығаштың сызбасы арқылы дайын болған елде жоқ ерекше көйлектерді көріп кетуге әріптес сатушылары да қалыңдық ретінде келіп, суретке түсіріп кетеді екен. Өзінің дизайнымен дайындалған көйлекті екінші бір дүкеннен көргенде еш саспаймын деп отыр.

Десе де «іштен шыққан шұбар жылан» демекші, түн баласы ұйықтамай сызған жобаңның біреудің аузында кеткені аздап көңілін қобалжытады екен. Қиындығы мен қызығы көп бұл кәсіпте Қарлығашқа «қасқыр» болуға тура келген. Мата жеткізушілер, тігіншілер, жалға берушілер сынды адамдардың топ-тобымен жұмыс істегендіктен бәрімен сөйлесе білу, тілін таба білу маңызды екен. «Саудада береке бар» немесе «Берекенің оннан тоғызы – саудада» дегендей, сауданың ең жақсы жүретін күндері дүйсенбі, сейсенбі және жұма, сенбі күндері екен. Ал сәрсенбі күні тіпті сауда болмайды. Қызық жағдай, ә!.

Сосын қаңтар, мамыр және ораза уақытында сауда мүлдем тоқтайды. Ол кезде амалсыздан жалға алған ғимараттың ақшасын төлеп қана отырады екен. Кәсіптің де осындай қыры мен сыры бар. Ақ түсті қалыңдық көйлегін кию қазақ халқына XIX ғасырда еніпті. Оған дейін ақ отауға енер келіншек ұлттық киім киген екен. Алайда бұл үрдіс бүгінгі күні қайта жаңарып салтымыз жаңғыра түсті.

Бүгінде ұзатылар қыз міндетті түрде қазақы болмысына сай ұлттық оюларымызбен өрнектелген киім киетін болған. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасамаса да бірінші күні ұзату, екінші күні үйлену тойы тойланып жүр. Енді осы ұзату көйлектеріне тоқталсақ. «Айбике» той салонында ұзатуға арналған ұлттық киімдердің сан алуан түрі тұр. Ал сәукеле – ұзату тойының басты тренді.

Кейбір сәукелелер көйлек бағасымен бірдей. Екі-үш жылдың жүзі болды, әкесінің шаңырағында бойжеткен қызды ұзатып шығарып салу бүгінде қайта сәнге айналды. Есесіне, Қарлығаштың кәсібі өрге домалап тұр. Алқызыл, қып-қызыл кәжекейі мен сәукелесі, бүрмелі көйлегі тоқтамай жалға беріліп жатыр. Үйлену тойы – әрбір жан үшін өміріңдегі ғажап сәттердің бірі. Ал қалыңдық үшін бұл күннің маңызы тіптен бөлек. Қалыңдық өмірінде бір рет болатын айтулы күнді ханшайымдай өткізгісі келеді. Себебі неке қию салтанаты мен тойға келген қонақтардың бар назары қалыңдықта болмақ. Қазақтың тойы барда, қалыңдық көйлектерінің саудасы қыза бермек. Табысың еселенсін, Қарлығаш!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА