Аймақ

Парацетамолдың зауыттағы бағасы - 59 теңге... ал дәріханада 144 теңгеден сатылуда. Неге?

The final spritzer

Өткен жылы еліміз бойынша 1,2 триллион теңгенің дәрі-дәрмегі саудаланған болса, оның 84 пайызы шетелде өндірілген өнімдер. Иә, өкінішке орай, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған.

Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осы дәрі-дәрмек мәселесі кеңінен қаралды. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы салаға аудит жүргізу барысында дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғаны, оны тіркеу ұзақ уақыт алатыны анықталыпты.

Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет екен. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі. Ал Мәжілістің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов СҚ «Фармацияны» реформалау қажет екенін айтады.

Депутаттың айтуына қарағанда, дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылуы үшін ең алдымен Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының сараптамасынан өтіп, тіркелуі керек. Норматив бойынша тіркеу мерзімі – 210 күн. Алайда біреулер үшін бұл мерзім заңсыз 1275 күнге дейін созылса, ал осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін, өте жылдам 25-ақ күнде аяқталған. Осылайша 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу фактілері анықталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді міндеттеген болатын. Ал 2024 жылы бұл саладағы қазақстандық үлес 15 пайызды ғана құрады. Дәрілердің 84 пайызын шетелден әкелеміз. Еліміздегі 89 отандық өндірушінің тек 2 пайызы дәрі шығарады, ал қалғандары маска немесе шприц сияқты медициналық бұйымдар өндіреді. Ендеше осындай қарқынмен жыл соңына дейін Президент міндеттеген межеге жету мүмкін бе?

2024 жылдың қорытындысымен «СҚ Фармация» дистрибьюторы арқылы 10,8 миллиард теңгеге 467 атаулы, 53,4 миллион дана дәрілік зат пен медициналық бұйым жеткізілді. Бұл сомаға барлығы 805 632 рецепт бойынша науқастар толық қамтылды. Игерілуі – 100 пайыз. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 1,057 миллиард теңгеге орфандық ауруы бар 76 науқас (32 бала) дәрі дәрмекпен қамтылса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы тағы 9 науқасқа (8 бала) 316,5 миллион теңгеге көмек көрсетілген.

Иә, шынында дәрі-дәрмек бизнесі өте табысты болғандықтан бұл салада астыртын әрекеттердің көбейіп кеткені баспасөзде әбден жазылды. Осын екі-үш жыл бұрын ғана Жамбылдағы дәрі-дәрмекті қадағалау басқармасының басшылары парамен ұсталып, істі болғанын бәріміз білеміз. Қалай айтсақ та, фармацевтика саласы әлі де былықтан арыла алмай тұр. Оның айқын көрінісі коронавирус карантині кезінде анық байқалды.

Жыл сайын дәрі-дәрмек созылмалы ауруы бар жандарға дәрі жетіспей, ел бір шу ете қалады. Тиісті мекемелер ақталып, жауап беріп жатады. Ал бірақ дәрі-дәрмек саудасының астарында осындай үлкен «ойындар» жүріп жатқанын көпшілік біле бермейді...

 

 

Оралхан ДӘУІТ