Бала шыр етіп дүниеге келгенде қатты қуанамын

Акушер-гинеколог Дидар Әбдірамбай – Тараз қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, білікті гинеколог дәрігер. Он жылдық еңбек өтілінде талай сәбидің өмірге келуіне себепші болған жан. Әрбір әйелді аман-есен босандырып, кіндігін кесіп, ана мен баланың амандығы үшін күресіп жүрген мықты маман.
Қазақы менталитетімізге сай дәрігерді жынысқа бөлу дұрыс емес. Көп жағдайда халық арасында ер гинекологқа, уролог-практолог әйел дәрігерге қаралмай, ұялып жататын оқиғалар аз емес. Босануға келген жас аналар еркек гинекологтан қашқалақтап, уақыт өткізіп алатын жағдайлар да бар. Тіпті «ауруын жасырған өледінің» керін келтіріп, ерлер жағы практолог әйел дәрігерге көрінуді де ұят санайды. Дәрігер – ол маман. Оған тек дәрігер деп қана қарау керек.
Әрбір сөзі байыпты, мақалдатып, шешен сөйлейтін дәрігердің әкесі Сатылған Биғабыл бағдары айқын басылым «Халық тәлімі» газетінде қызмет еткен ардагер журналист екен. Ал анасы Марияш Биғабылова бүкіл ғұмырын медицинаға арнаған зейнеттегі дәрігер, терапевт. Анасының жолын қуған ұлдың үйіндегі жары да ақ халатты абзал жан. Жан- жары Марал Молдабекова – балалар невропатологы. Екеуі де С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің түлегі. Дидар кейін хирургия мамандығы бойынша оқып, артынша акушер-гинекология саласын тәмамдапты.
Дидар Әбдірамбай босандырудан кейінгі асқынуларды болдырмаумен күресетін, әйелдердің жеңіл босануын қамтамасыз ететін дәрігер. Кейде кесір тілігімен де босандырып жатады. Мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген Дидар Гиппократ антына адалмын дейді. Аналардың дені сау бала әкелуіне себепші. Акушер-гинекологтың қаншама жылғы қызметінде естен кетпестей бір қызықты жағдай болыпты. Оны өзі езу тарта отырып айтып берді.
Дәрігер мен емделуші әйелдер арасында көзге көрінбейтін сенім бар. Әйелдердің жыныс ауруларына бейжай қарамайтын дәрігер бүгінгі күні босанғаннан кейінгі болатын асқынулармен күресуде. Әйел баласының гигиенаны қатаң сақтап, алты айда бір гинекологқа көрініп тұруын ескертті. Арты жаман ауруға әкелмес үшін, ай сайынғы етеккірден бастап, ауырсыну сезімі болған жағдайда тез арада дәрігерге көріну қажеттігін айтуда. Күнделікті күйбең тіршіліктің ырқымен жүре бермей, қыз балалардың өз денсаулықтарына мұқият болуын баса айтты.
Миома, эрозия, жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруларына алып келмес үшін, гинеколог дәрігердің қарауында болып тұруды қайта-қайта айтудан жалықпады. Әйел адам отбасының ұйытқысы, әрі берекесі емес пе? Шын мәнінде әйел-ана бақытты әрі сау болғанда ғана оның жан-жағы, отбасы, балалары, ері, туыстары да бақытты болады. Әйел күлсе, әлем күледі. Қадірлі қыз-келіншектер гинекологиялық тексерістерден өтіп, сынамалар тапсырып, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер!
Аяулым РАХЫМБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.