Іште қалған өкпе-реніш адамды ауру қылады

Мектеп қабырғасында білім алып, оны тәмамдаған соң әрқайсымыз бір-бір мамандық иесі болу үшін үлкен өмірдің есігін қағамыз. Мамандықты жүрек қалауымен таңдап, сол саланың нағыз маманы атанғымыз келеді. Ал білікті маман атану үшін өз салаңды жетік білу шарт. Міне, біз әңгіме еткелі отырған Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының невропатолог дәрігері Закир Азизов өз саласының білгірі, кең жүректі, аса жауапты маман. Оның емдеген науқастары жылы жүзді дәрігерді ешқашан ұмытпайды.
Закир Гулалиұлының қалалық көпбейінді емханада жұмыс істегеніне 3 жыл болды. 4 жыл Түркияның Стамбул қаласында қызмет етіпті. Бүгінде тәжірибелі невропатологтардың аздығынан ол №8 қалалық емханада және қалалық көпбейінді ауруханада жұмыс істейді. Аптасына екі рет кешкі уақытта емханада қабылдау жүргізсе, қалған күндері ауруханада. Бір қызығы, Закир Азизовтың отбасы түгел ақ халатты жандар, яғни, жанұялық дәрігерлер династиясы. Анасы Луиза Азизова – медбике, ағасы Вахит Азизов Алматыда травматолог дәрігер, екінші бауыры Стамбулда кардиолог.
Дәрігердің айтуынша, оған психозға ұшыраған адамдар көп келеді екен. Ересек адамдардың өзінде іште қалып кеткен өкпе реніш көп деп отыр. Соның бәрі сыртқа ауру болып, не өлімге апарар нүкте болып шығады. Кейбір адамдар әкесіне, не анасына, тіпті болмаса бауырына іштей өкпелі. Ашып айта алмайды. Бірақ шерменде боп қатып қалған. Шынында дәрігердің айтып отырғандары тұп-тура. Бастағы жаман ой, үнемі қараңғылықты көру, өзгеге жаман сөздерді қарша борату неврозға әкеледі. Білінбей басты зақымдайды.
Негізі неврологиялық аурулар әлем бойынша күн санап өршуде. Неврология – медицинаның түп негізі. Барлық сырқаттылықтың жоғары көрсеткіші осы салаға тікелей тәуелді. Адамның жүйкесі оның, яғни адамның тұтас өзі. Невропатолог дәрігер жүйке тамырларының шеткі жүйесі ауруларын, жүйке тамырларының орталық жүйесі ауруларын, бас сүйек-ми және омыртқа-жұлын зақымдарының салдарын, тұқым қуалаушы ауруларды, шығу тегі әртүрлі моно және поли жүйкелік дерттерді емдейді.
Адам жаны қазақша мағынада айтқанда, жұмбақ, қалтарысы көп болса, жүйке жүйесіне қатысты барлық ауру түрі де сондай тылсым, тосыннан шығар құпиясы мол тақырып. Адам ашуланады, ренжиді, ол табиғи құбылыс деп қабылдаймыз. Өкпе реніш, ашу-ыза өтпелі сәттік құбылыс та болуы мүмкін. Бірақ тұңғиыққа түсетін, сарыуайымға салынатын күйзеліске түсіп кетсеңіз, неврологиялық ауруларды қолдан жасап аласыз. Сондықтан ертеден келе жатқан тәмсіл «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» ең дұрыс шешім. Сонымен қатар «ауру – астан» деген де ұғым бар бізде. Бұл да жанды сөз. Не ішесің, не жейсің – денсаулығының, әсіресе жүйке жүйесінің орнықты немесе тұрақсыздығы соның айғағы.
Қазіргі түрлі газды, энергетикалық, алкогольді сусындар – түкке тұрғысыз зиянды заттар. Мұның барлығы жүректің бұзылысына, мидың ретсіз жұмысына, жалпы бүкіл организмге кері зардабын тигізеді. Мұның бәрін дәрігермен сұхбаттаса отырып білдік. Тілек айтқанда бір-бірімізге зор денсаулық тілейміз. Алайда сөздің байыбына мән бермейміз. Расында денсаулығың басыңдағы алтын тәжің. Дені сау адамның талай мүмкіндіктерге жолы ашылады. Қарттық пен ауру иектеген адамнан қай сәтіңіз бақытты деп сұрасаңыз, «сау кезім, ауырмаған кезім бақыттырақ» деген жауап естисіз. Ендеше, күтініп жүріңіздер!
Рузана АЙҒАРАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті