Саудамды әлеуметтік желі арқылы жүргізіп отырмын

Барлық адам армандайды. Арманның апармайтын жері жоқ. Арманыңды тіршілігіңмен ұштастыра білу – оның тезірек орындалуына сеп болады. Бәріміз үшін өмір сүру құнды болса, өмір күрес әрі қозғалысқа толы болады. Сәйкесінше түбінде міндетті түрде жеңіс орын алады. Тек ешқашан армандарыңыздан бас тартпау қажет.
Қазан-ошақ, етекке жабысқан бала, көйлекке май сіңген иіс өзіме қатты ұнайды деген келіншектерге сеніңкіремеймін. Мүмкін менікі дұрыс емес шығар. Бірақ өзін тұлға ретінде қалыптастыру жолын білмейтін, әлде талаптанбайтын, бойына біткен бір талантты тауып, өзін әлемге жарқыратып ұсынуға ұмтылмайтындардың өзін өзі алдауы деп түсінемін. Тұрмыс, отбасы жаман деген пікірде емеспін. Тек қыздардың қалың ұйқыға батып, кейде із-түзсіз жоғалып кететін дағдарыс кезеңі осы тұрмыс құру мен бала туудан бастау алады.
Бүгін тәтті арманын қиялында ғана емес, өңінде тербеген кәсіпкер келіншек Әйгерім Тілеуова туралы айтпақпыз. Ол қазіргі хит өнім тарыдан чизкейк пен түрлі тәттілер, шоколадты құлпынай дайындап сатады. Оның он саусағынан өнері тамып жасаған дүниесі бір сағатқа жетпей сатылып кетеді. Instagram әлеуметтік желісінде aika_cakes парақшасымен танымал ол тек тәтті жасап қана қоймай, кондитерлік шеберлік сағаттарын да өткізеді.
Әйгерім 1995 жылы Т.Рысқұлов ауданының, Жарлысу ауылында дүниеге келген. Жастайынан тәтті торттар, бәліш, пирогтар пісіруге деген махаббаты ерекше болыпты. Бала күнінде пісіргенін барлығы мақтайды екен. Енді міне, бүгінде дөңгелеткен өз кәсібі бар. Бір қызығы, ол тек пісіруге ғана құштар болмай, қолы боста өлең жазып, айтыстарға қатысып, Жамбыл, Абай оқуларына қатысыпты. Содан қазақ әдебиеті пәнін таңдап, филолог мамандығын алып шыққан. Тұрмыс құрған соң ескі хоббиін еске түсіріп, қолынан келетін дәмді де тәтті чизкейктер пісіруді бастап кеткен. Бұл кәсібі оған қомақты табыс әкеледі. Бүгінде ол үш баланың анасы.
Басынан тастамайтын ақ жаулығы өзіне жарасқан Әйгерім қыз күнінде 25-30 мың теңгедей табыс табады екен. Бұл салада алты жыл тәжірибесі бар кәсіби кондитер. Республика бойынша қыз-келіншектерді жинап, тәттілер пісіруден шеберлік сағатын өткізіп жүр. Айтуынша 50-ге жуық торт түрін жасайды екен. Өзі де ірі халықаралық деңгейдегі кондитерлердің сабақ дәрістеріне қалмай барып, білімін шыңдауда. Тәтті де сәтті бизнесті серік еткен Әйгерімнің әлі алар асуы алда.
Рузана АЙҒАРАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.