ҚАЖ қызметкерлері қан тапсырып, донор болды

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесі қызметкерлері Дүниежүзілік қан донорлары күніне орай қан тапсырды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
14 маусым – Дүниежүзілік қан донорлары күні. Бұл күн – адам өмірін сақтауға өз үлесін қосып жүрген ерікті қан донорларына алғыс білдірудің және қан тапсырудың маңыздылығын насихаттаудың маңызды мүмкіндігі.
Осыған орайда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінің қызметкерлері игі бастамаға атсалысып, қан тапсыру акциясына белсене қатысты. Акцияның басты мақсаты – мұқтаж жандарға көмек көрсету, сонымен қатар қоғамда донор болудың маңыздылығын арттыру.
Іс-шара аясында мекеме қызметкерлері Тараз қаласындағы қан орталығында болып, өз еріктерімен қан тапсырды. Бұл – тек азаматтық жауапкершілікті көрсетіп қана қоймай, адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталған игілікті әрекет.
№59 мекеме басшылығының айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Бұл – тек денсаулық сақтау саласына қосқан үлес емес, сонымен қатар ізгілік пен адамгершіліктің жарқын көрінісі.