Қазақ тілін білгенімнің көп пайдасы тиді

Жамбылдық өнерсүйер қауым әнші Сергей Семыкинді тегіс таниды десек, артық айтпаспыз. Себебі, осынау орыс жігітінің қазақ әндерін орындаған әсем дауысы елдің назарында. Жұртшылықты өнерімен таң қалдырған «Мерей» тобының белсенді мүшесі Сергей Семыкин.
Сергей 1986 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Юбилейный ауылында дүниеге келгенімен, 11 жасынан облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №1 Қабылбек Сарымолдаев атындағы интернатта тәрбиеленді. Осы жылдары аталған интернатқа Әріпбай Мұханұлы музыка маманы болып орналасып, талантты балаларды іздей бастады.
«Мерей» тобы осылай құрылады. Ол кезде Сергей қазақша білмеуші еді. Аз уақыттың ішінде айналасындағы қазақ достарымен тығыз араласып, мемлекеттік тілді меңгеріп алып, қазақ тілінде ән шырқаған Сергейге барлық көрермен сүйсінді. Кейбір қаракөздеріміз қазақ тілінде сөйлеуді намыс көріп жүргенде, мемлекеттік тілде ән салған азаматқа кім риза болмасын. Сол уақыттағы талантты мектеп оқушысы халық әндерін, Абайдың әндерін өте шебер орындайтын. Интернатта тәрбие ала жүріп, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Абай оқулары» байқауларына қатысып, талай рет жүлделі орындарды иеленді.
Мемлекеттік тілді анық, акцентсіз сөйлеуді үйренді. Сол «Мерей» тобының сапында жүріп, еліміздің бірінші Президентінің алдында ән шырқады. 15 жылға жуық қазақ достарымен бірге жүріп, мемлекеттік тілде ән шырқаған Сергей Ислам дініне де жақындай түседі. Сөйтіп, мұсылмандықты қабылдады. Екінші есімі «Әлисұлтан» болып қазақшаланды. Сөйтіп, қазақ қызымен шаңырақ көтерді. Анықтап айтқанда, облысымызға кеңінен танымал Ақбозовтар әулетіне күйеубала. Қазіргі таңда Әбілмансұр, Мари атты екі ұл баласы бар. Үлкен ұлы ән айтады, өнерге жақын. «Жігітке жеті өнер де аз» деген қазақ мақалының Сергейге де (Әлисұлтан) қатысы бар. 15 жыл әнші ретінде танылған Сергей кейінгі 7-8 жылда актерлік қырымен де таныла бастады. Бірнеше отандық фильмдерде түсіп үлгерді.
Атап айтқанда, «Мәдениет үйі», Ынтымақ ауылы», «Кейкі батыр», «Оян, қазақ!» фильмдерінде талантын танытты. Ал, «Он алты жасар чемпион» атты фильмде басты рөлді сәтті ойнап шықты. Яғни, боксшы баланың жеке бапкерінің образын шеберлікпен алып шықты. Фильмнің желісі бойынша бұл баптаған бала 16 жасында әлем чемпионы болады. Ұлты орыс болғанымен, тілі мен мінезі қазақ болып кеткен Сергейдің де өз айтары бар.
Сергейдің шын көңілден айтқан сөздеріне біздің де көңіліміз толқыды. Жаны жомарт, пейілі кең қазақ елі талай ұлт өкілдерін бауырына басып, қазақ жерінде бірге жасап келеді. Сол өзге ұлт өкілдерінің баршасының қазақ халқына құрметі жоғары екені даусыз. Ал, Сергей Семыкин секілді сегіз қырлы, бір сырлы, талапшыл азаматтар өнерімен де, бірнеше тілде еркін сөйлеуімен де, имандылыққа бет бұруымен де өзгелерге үлгі болып отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы