Асаба Андрей қазақтың тойын басқарып жүр

Қордайлық Андрей Булгаковтың ұлты – орыс. Алайда ол қазақ тойларының көркін қыздырып, сәнін келтіріп жүрген сұранысқа ие асаба. Алға ауылының тумасы ұлты басқа болғанымен, жаны да, тілі де қазақ. Үлкенді кішілі мәдени шараларды, отбасылық салтанаттарды басқаратын Андрей қазақтың мақал-мәтелдерін орынды пайдаланып, көркем тілде сөйлегенде кейбір қаракөздердің өзін шаң қаптырып кететініне көпшілік куә.
Оның мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында, қара домалақтардың ортасында өсуі сеп болған.
Оның мемлекеттік тілге деген шексіз құрметі бізді де сүйсіндірді. Андрей Игоревичтың асабалық өнерінен басқа қырлары да аз емес. Ол осы кезге дейін бірнеше отандық телехикаяларға, фильмдерге де түсіп үлгерген. Ең алғаш рет бала кезінде эпизодтық рөлге түсіпті.
Ал кейіпкеріміздің той басқарып жүргеніне екі жылға жуықтапты.
Асаба Андрейді танымайтын халық оның қазақ тілінде сөздің майын тамызып тұрып сөйлегенін көргенде таңырқап қалатыны шындық. Дастархан басына жиналған жұртты аузына қаратып, олардың ризашылығын алып жүрген той басқарушы жігіт Қордай ауданынан бөлек, облысымыздың өзге аудандарында, Түркістан, Алматы қалаларында да той тізгінін ұстайды. Жүрегі қазақ деп соққан 34 жасар Андрей Булгаков еліміздің әрбір тұрғыны ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуі және құрметтеуі тиіс деп санайды.
Сол себепті өзінің қыздарын да қазақ сыныбына берген. Андрейдің қыздары да қазақшаны жетік меңгеріп, еліміздің ертеңі үшін абыроймен қызмет ете беретіні анық. Қалай айтсақ та, кейбір өз тілінен жеріген «шұбар тілді» азаматтарға Андрей де, оның қыздары да үлгі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы