Ақша сізді емес, сіз ақшаны басқаруыңыз керек

Отбасының әл-ауқаты, қаржылық жағдайы әрқашанда өзекті мәселе. Отбасылық өмір тек махаббат пен сыйластықтан ғана тұрмайды, материалдық жағдайға да тәуелді болады. Үйлесімді қарым-қатынас дегеніміз романтика ғана емес, шығын шығаруды қажет ететін күнделікті күйбең тіршілікке негізделген.
Отбасылық бюджетті әркім әрқалай басқарады. Бір үйде бес адам жұмыс істесе де кейде қаржыны жеткізе алмай жатады. Ал кейбір үйде екі-ақ адам жұмыс істесе де берекесі тасып, ішіп-жемнен тарықпайды. Негізі тапқан табысты тұрмыстық қажеттілікке артығымен жеткізудің екі жолы ғана бар. Ол – ай сайын тым қомақты қаржы табу немесе қолда барды үнемдеу. Осының ішінде үнемдеу – ең ақылға сыйымды және кез келген адамның қолынан келетін іс. Ал «Ақшаны қалай үнемдейміз?» деген сауалға келсек, оның да неше түрлі жолы бар.
Біріншіден, «жеңілдігі бар екен» (акция) деп аса қажеттілігі жоқ тауарды сатып алудан бас тарту керек. Одан бөлек жол жүруге қатысты қалта шығынын да бір жүйеге келтіруге болады. Өйткені қазіргі кезде кез келген қалада қоғамдық көлік жолақысын төлеудің электрондық жүйесі қолданысқа енген.
Мәселен, Тараз қаласында «TulparCard» ты пайдалансаңыз жолақы үшін 100 теңге төлейсіз. Аталған төлем картасы болмаған жағдайда жолаушының қолма қол 130 теңгемен есеп айырысуына тура келеді. Қаржыны түскі астан үнемдесе де болады. Жұмыс орнына жақын маңдағы асхана, дәмханадан тамақтанған адам бір айда айтарлықтай қаржы жаратып қояды. Ал түскі тағамын үйден дайындап әкелген адам біршама қаржы үнемдейді.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, еңбекақысын алған күні адам өзін аса бай әрі бақуатты сезінеді екен. Дәл сол күні адамдар ақшасын бейберекет жаратуға құштар болады. Кейде пенде болғаннан кейін бір ай еңбектеніп тапқан жалақысын бір-ақ күнде жаратып тастап, қарап отыратындар да бар. Қаржы мамандарының айтуынша, қолға түспеген ақшаға алдын ала жоспар жасауға болмайды. Мәселен, «айлығым түссе, пәленшеге қарызымды қайтарамын немесе осы жолы мына затты аламын» деген секілді жоспар құрудан аулақ болу керек. Ақша түскен соң ғана жоспарлап, үнемдеп жаратқан жөн екен.
Алдымен депозиттерге ақша салып, өзіңе қор жинаған дұрыс. Содан кейін ғана несие жабу, балабақша мен коммуналдық төлем төлеу, пәтерақысын беру секілді қаражатты орнымен жұмсау қажет. Ал көп отбасында жалақы түскен күні-ақ жоқ болады. Бір ай тағы қарызданып өмір сүру керек болады. Еңбектің бейнетін тартқаннан кейін оның рахатын көру, отбасы қажеттілігіне молынан жететіндей етіп өмір сүру үшін бірнеше нұсқаларды қарастырып көрейік. Ең біріншіден, есеп кітабын жүргізу қажет. Қалың дәптер ме әлде блокнот арнайсыз ба, кіріс пен шығысты реттетіп отыру керек. Бұл туралы бізге Тараз қаласындағы «Kaspi Bank»-тің маманы Әйгерім Төлеутаева айтып берді.
Ал ақшаны қалай сақтау керектігі жайлы экономист, қаржы маманы Айсана Тымбаева:
Енді «Баспанаға қалай ақша жинауға болады? Қанша уақытта, қандай бағытта үйлі бола аламыз?» деген сұрақпен «Отбасы банкінің» облыстағы филиалының кеңсесіне бардық. Аталған қаржы ұйымының «Клиенттермен жұмыс» бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірмановамен тілдестік.
Түсінуімізше, мемлекеттік бағдарламаларға атында бес жылға дейін үйі болмаған азаматтар қатыса алады. Біріншіден, олар банктен депозит ашады және оны ай сайын толықтырып отыруы тиіс. Сонда ғана жыл соңында мемлекеттік сыйақыға қол жеткізеді. Егер салымшы баспана үшін үш жыл бойы тоқтамай қаржы жинаса, жұмыс орнын растамай-ақ үй ала алады.
Атында үйі бар жандар баспана құнының 50 пайызын банкте жинайды. Қалған 50 пайызын банк береді. «Нұрлы жер» ипотекалық бағдарламасы бойынша үйлі болған жандар өте көп. Рано Күзенбаева да осы бағдарламаның арқасында баспаналы болған. Ол 15-шағынауданнан 2 бөлмелі пәтер алыпты.
Қазақ «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деп бекерге айтпаса керек. Демек өз үйіңе ақша жинаудың алғашқы іргетасы депозит ашудан басталады. «Отбасы банк» мамандары салымды «Отбасылық пакет» ретінде ашқан жөн деп есептейді. Яғни жұбайыңызға, өзіңізге, анаңызға, балаңызға деген секілді отбасы құрамына да үш-төрт депозит ашып, бір айда бәріне қаражат салып тұрсаңыз, жыл соңында бәріне дерлік мемлекет тарапынан 200 айлық есептік көрсеткішпен 20 пайыз сыйақы беріледі. Үш жылдан соң бәрін біріктіріп, тамаша үй алуға болады. Ең бастысы, ақша жинауға деген ықыласыңыз болса болды.
Кейбір азаматтарды ақшаны қай валютада сақтаған жөн деген сауал қызықтырады. Қаржы мамандары берген кеңеске сүйенсек, қаржыны ұлттық валютада сақтау ең тиімді жол екен. Депозит ашу мен ашпауды, ақшаны шашу мен үнемдеуді әркімнің өз еншісіне қалдырамыз. Алайда қай валюта болсын, қаржыны депозитке салу – бүгінгі заманда ең ұтымды жол. Сол жол арқылы адам діттеген мақсатына жете алады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА