Жемқорлар жазадан құтылмайды
Жемқорлар жазадан құтылмайды
Тараз қалалық прокуратурасы өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәжілісін өткізді. Тараз қаласының прокуроры Бағлан Телеу Бас прокуратура мен облыстық прокуратураның талаптарына сәйкес, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен және қылмыспен күрес мәселесіне баса назар аударылып жатқандығын мәлімдеді. Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша бюджетке 515 миллион теңге түсім түскендігін де атап өтті.
Прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болғандықтан, осы бағыттағы прокурорлық бақылауға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, 26 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, екі миллион теңгеге жуық мемлекетке келтірілген шығын қайтарылған. Жемқорлықпен күрес бойынша төрт қылмыстық іс қозғалып, бір лауазымды қызметкер сотталған. Заң бұзушылықтардың көбісі мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы, әкімшілік заңнама мен лицензиялық-рұқсаттық жүйені, тұрғын үй-коммуналдық заңнаманы бұзумен байланысты. Прокуратура барлық заңсыз қаулыларға байланысты қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына оларды жою жөнінде наразылық білдіріп, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Еңбек заңнамасын орындау бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде заң бұзушылықты жою жөнінде 30 ұсыныс енгізіліп, 134 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 13 іс қозғалып, 5860 жұмысшыға 278 миллион теңге көлеміндегі еңбекақысы төленген. Сонымен қатар, «Тараз-су» ҚКК, «Батурин атындағы ГРЭС» АҚ, «Казфосфат» ЖШС, «НДФЗ» ЖШС қызметіне тексеру жүргізу барысында еңбек заңнамасын сақтамау фактілері анықталған. Экологиялық заңнама аясында, оның ішінде атмосфералық ауаны қорғау саласында көлік құралдарының ауаны ластауы белгіленген мөлшерден асып кетуінің 98 фактісі анықталып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Өткен жылы облыс орталығында 9 406 қылмыс тіркелген, бұл 2013 жылмен салыстырғанда, бес пайызға төмендегендігін байқатады. Ал қылмыстың ашылуы 54,1 пайызды құрап, жеті пайызға өскен. «Соңғы жылдары қылмыстық қудалау органдарынан қылмыс оқиғалары туралы арыздар мен хабарламаларды жаппай тіркеу талап етілуде. Соған қарамастан полиция тарапынан қылмыстарды есептен жасыру дерегі тыйылмауда. Өткен жылы есептен жасырылған 65 қылмыс анықталды», – дейді қала прокуроры Бағлан Телеу. Мәселен, өткен жылдың сегізінші мамырында Т. есімді азамат 1-ші ПБ-не арызданып, Д. есімді тұлғаның өзінің затын тартып алғанын айтқан. Бірақ тергеуалды тексеру жұмыстары толық жүргізілмей, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған. 13 маусымда қалалық прокуратура бұл шешімді бұзып, есептен жасырылған қылмыс ретінде есепке қойған. Мұндай мысалдар жеткілікті көрінеді. Аталған мерзімде прокуратураға азаматтардан 3209 арыз түссе, оның отыз үш пайызға жуығы тергеу және анықтау саласына қатысты екен. Жалпы, қадағалаушы органның өткен жылы атқарған жұмысы аз емес. Биыл қолданысқа енгізілген жаңа кодекстерге байланысты да атқарылатын шаруа аз болмай тұр. Журналистердің сауалдарына жауап берген Бағлан Телеу заңның қатаңдауына байланысты биыл қылмыс саны өсу ықтималдылығын да жоққа шығармады.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».